Риддер тұрғындары Хариузовка өзеніндегі көпірдің апатты жағдайда тұрғанына шағымданды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғындары Хариузовка өзеніндегі көпір таянышы майысып, құлайын деп тұрғанын айтып, дабыл қақты. Бұл көпір қаладағы Геолог шағын ауданында орналасқан. Көпірмен арлы-берлі жүретін халық әркез ол құлап кете ме деп қорқатындықтарын жеткізді.

Риддер тұрғындары Хариузовка өзеніндегі көпірдің апатты жағдайда тұрғанына шағымданды
Фото: Риддер қаласы тұрғындарынан

— Әсіресе қарт кісілер жүректерін шүберекке түйіп өтеді. Көпірдің апатты жағдайда тұрғаны анық көрінеді. Таянышы майысып, құлайын деп тұрғандықтан жүріс-тұрысы қиындаған ата-апаларымыз одан ұстана да алмайды. Бұл өте қолайсыз ғой! Неге жергілікті билік бұл жағдайды ретке келтірмейді, — деп наразылығын білдірді риддерліктер. 

Осы ретте, Kazinform тілшісі қала әкімдігіне ресми салаухат жолдады. 

— Хариузовка өзені арқылы өтетін көпірдің салынған жылы мұрағаттық деректердің болмауына байланысты белгіленбеген. Бұл көпірдің жалпы ұсындығы — 19 метр. 2026 жылы Риддердегі барлық қолданыстағы көпірлерге техникалық байқау жұмыстары жүргізіліп, содан кейін ғана көпірлердің нақты жағдайы анықталады. Дәл қазір Хариузовка өзені арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеу туралы дерек жоқ, — деп жауап берді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан.

Демек, бұл көпірдің нақты жағдайына қатысты баға келесі жылы ғана берілмек. Ал оның күрделі жөнделетіні-жөнделмейтіні де соған байланысты болатын секілді.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде екі жаңа көпір салынатындығы хабарланған. 

 

Соңғы жаңалықтар