Швейцарияның Альпі тауларындағы тұтас бір ауылды көшкін басып қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Швейцарияның Альпі тауындағы Блаттен ауылын көшкін басып қалды, деп хабарлайды BILD.

Бір күн бұрын аталған елді мекенде жаппай көшкін жүрген. Блаттен тұрғындары алдын ала эвакуацияланған. Алайда, апат мұнымен біткен жоқ – енді бүкіл аймақты су басу қаупі төніп тұр.
Вале кантоны билігінің мәліметінше, Лонц өзенінің арнасы бітеліп қалған. Бір күн бұрын басталған жаңбыр салдарынан су деңгейі бұрынғыдан бетер жылдам көтеріліп жатыр.
– Көл пайда бола бастады, ол барған сайын үлкейіп келеді. Қар массасы мен тастар бөгет рөлін атқарады, алайда өзен жарылып өтудің жолын табады. Біз мұны басқара алмаймыз, - деді геолог Рафаэль Майорац.
Билік Швейцария армиясынан шұғыл түрде көмек сұрады. Халыққа құзырлы органдардың нұсқауын қатаң орындау және қауіпті аймаққа жақындамау тапсырылды. Көрші ауылдар да көшірілді.