11:31, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Шығыс Қазақстан әкімі облыс аудандары мен қалаларына танысу сапарын бастады
ӨСКЕМЕН. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының жаңадан тағайындалған әкімі Бердібек Сапарбаев облыс өңірлеріне танысу сапарын Абай ауданынан бастады,
деп хабарлады ҚазАқпаратқа әкімнің баспасөз қызметінен. Б.Сапарбаев базасында ет өңдеу нысанын салу жоспарланып отырған «Деріқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік алаңдарын аралады. Аталмыш кәсіпорын басшысы екінші деңгейлі банк немесе «ҚазАгро» холдингі арқылы несие алуға кепілдікті мүлкі жетпейтінін айтып, әкімнен осы мәселе бойынша көмек сұрады. Облыс әкімі бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, оны шешуге көмектесуге уәде берді. «Қазір мемлекет білім беру және денсаулық сақтау саласына қолдау көрсетуге айтулы назар аударып отыр. Салауатты және білімді халықпен ғана біздің еліміз бәсекеге қабілетті», - деп атап көрсетті облыс әкімі ауданның әлеуметтік сала нысандарын аралау барысында. Облыс әкімі білім ошақтарында аралап шығып, олардағы білім беру үдерісінің лайықты деңгейде екеніне ? компьютерлердің Интернетке қосылғанына, интерактивті тақталардың жұмыс істеп тұрғанына, қажетті жабдықтардың бар екендігіне көзін жеткізді. Сапар соңында аудан активімен кездескен Б.Сапарбаев, жергілікті атқарушы билік пен аймақ тұрғындары бірлесіп атқаратын бірқатар міндеттерді анықтап берді.