Шығыс Қазақстанда 81 мектеп әлі көмір жағып отыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 81 мектеп көмірмен жылытылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда 81 мектеп әлі көмір жағып отыр

Бұл туралы ШҚО білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева баспасөз мәслихатында айтып берді.

«Қазіргі уақытта білім ордалары жылыту маусымына әзірлік үстінде. Облыстағы 343 мектептің 81-і көмірмен жылытылады. Олар үшін 30 мың тонна көмір сатып алынды. Бүгінде 24 мың тоннасы жеткізілген. Қалған көмір 31 тамызға дейін толықтай жеткізіледі деп жоспарлануда», - дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, өңір бойынша барлық мектеп бейнебақылау камераларымен жабдықталған.

«Жаңа оқу жылынан бастап 99 елді мекенде 4208 баланы күн сайын 128 автобус тасымалдады. Оның 11-і биыл сатып алынған. Шығыс Қазақстандағы ерекше білімді қажет ететін 10 896 баланың 8 556-сы мектеп оқушылары. Оларға коррекциялық қолдау көрсету үшін 24 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді», - дейді Иннеса Чернышева.