Шығыс Қазақстанда алдағы үш жылда 500 мыңға жуық ағаш отырғызылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы тапсырмаларды орындау аясында Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2025 жылға дейінгі жоспары бекітілді. Сол уақытқа дейін өңірде 476,5 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл туралы ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихатында ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еламан Мұхтарханов мәлім етті.
«Облыс бойынша 2021 жылдан бері 277 мың ағаш, ал Өскемен қаласында 26 мың ағаш отырғызылды. Бұдан бөлек, орман көлемін ұлғайтудың кешенді жоспары әзірленді. Бес жыл ішінде ормандардағы жалпы ауданы 15 мың гектар жерге ағаш егіледі. Сондай-ақ 76 млн-нан астам көшет отырғызылмақ», - деді ол.
Еламан Мұхтарханов өз сөзінде өңір жұртшылығының қатысуымен әзірленген экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі жол картасының да іске асырылып жатқанын айтты. Жалпы, соңғы 10 жылда бұл мақсатта қабылданған шаралар зауыттардан атмосфераға таралатын зиянды шығарындыларды 13%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.