Шығыс Қазақстанда алтын кенін өндіретін жаңа зауыт салынады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов аймақтың орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өндірістік инфрақұрылымның дамуы барысы жайлы мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Оның айтуынша, ағымдағы жылда өнеркәсіптік өндіріс көлемі шамамен 6,5 млн теңгені құрады. Ауданда индустриялық бағыттағы екі жоба жүзеге асырылады. «Горняк өз бетімен алтын іздеушілер артелі» жалпы қуаттылығы жылына 250 мың тонна кен құрайтын алтын кенін өндіретін зауыт тұрғызады. Жобаны жүзеге асыруға 7,7 млрд теңге бөлінген. Жаңғызтөбе ауылында «Жаңғыз - Солар» компаниясы қуаттылығы 30 мегаватт электр станциясының құрылысын дайындап жатыр.
Жоба құны 18 млрд теңгені құрайды. Н.Сыдықов ШҚО бойынша Жарма ауданы басқа өңірлермен салыстырғанда әлеуметтік-экономикалық даму жағынан алдыңғы орынға ие екенін атап өтті.
«Соңғы үш жылда республикалық тасжолдары бойында «Керуен», «Маралды», «Жол болсын» сынды ірі жол бойындағы кемпингтер салынып, жолаушыларға барлық қажетті қызметтерді ұсынып отыр. Бұрынғы аудандық автовокзал базасында 20 орындық кешен пайдалануға берілді, оған қонақүй, асхана және автовокзал кіреді», - деді Н.Сыдықов.