Шығыс Қазақстанда биыл жол апатынан 112 адам қаза болды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жол апатынан 112 адам көз жұмған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда биыл жол апатынан 112 адам қаза болды

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша 8-17 қараша аралығында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы жүргізілді. Соның аясында тәртіп сақшылары әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алу және жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көлік жүргізушілеріне дәрістер өткізді.

«Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 665 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 112 адам қаза болып, 893 адам жарақат алды. Талдау көрсеткендей, жол апаты негізінен жылдамдықты рұқсат етілген шектен асырудан, маневр жасау ережелерін бұзудан және жүргізушілердің жол жүру кезектілігін сақтамауынан болып жатады. Апат жиі тіркелетін күндер - дүйсенбі, жұма және жексенбі», - делінген хабарламада.

Дәрістерді өткізу барысында жүргізушілерге көлікті қауіпсіз тізгіндеу ережелері, оның ішінде қолайсыз ауа райы жағдайларында қалай жүргізу керектігі түсіндірілді.