Шығыс Қазақстанда боранда жолда қалған 5 адам эвакуацияланды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында боранда қалған 5 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда боранда жолда қалған 5 адам эвакуацияланды

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 21 желтоқсанда сағат 23.35 шамасында Ұлан ауданындағы Бозанбай және Ақжартас ауылдарының арасында «УАЗ Патриот» автокөлігінде отырған 5 адам боранда қалған.

«Олар құтқарушыларға хабарласып, көмек сұрады. Оқиға орнына келген Ұлан ауданының №13 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері 5 адамды жақын маңдағы Бозанбай ауылына жеткізді. Азаматтар сонда тұратын туыстарының үйіне орналасты», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, ТЖД аймақтағы қатты жел мен боран туралы өңір жұртшылығына алдын ала ескерткен болатын.

Құтқарушылар халықтан қолайсыз ауа райында елді мекеннен тыс жерлерге бармауын сұрайды.