Шығыс Қазақстанда Бұқтырма су қоймасындағы мұз өткел жабылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы мұз өткел жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Күршім ауданындағы Қызыл ту өткелінде көлік қозғалысына тыйым салынды.
«Бұқтырма су қоймасындағы мұз өткеліне тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде ауа райының күрт жылынуына орай мұздың көлік өтуіне жарамсыз екендігі анықталды. Сондықтан бүгін 13.00-ден бастап өткел көліктің барлық түрі үшін жабылды. Енді Өскеменге бару немесе қаладан қайту үшін «Үлкен Нарын-Алтай» тасжолы және Зайсан қаласы арқылы жүру керек», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Бұқтырмада көлігі мұз астына кетіп, жолаушының көз жұмуына себепкер болған жүргізушіге сот үкімі шыққаны хабарланған.