Шығыс Қазақстанда IQanat олимпиадасының іріктеу кезеңі өтіп жатыр

Қордың барлық жобалары қамқоршылардың қолдауы арқасында жүзеге асуда.
IQanat олимпиадасындада ұтылғандар болмайды, қатысушы жарыстан шыққанына қарамастан жоғары оқу орындарына түсуге тегін дайындық бағдарламаларына қатыса алады. Мысалы, республикалық деңгейге өтпеген облыстық турдың қатысушылары дайындықтарын IQ O бағдарламасы бойынша жалғастыра алады. Бүгінгі таңда аймақтық іріктеу олимпиадалары Қазақстан Республикасының барлық облыстарында жалғасын табуда.
IQanat 2017 жылы қыркүйек айында пилоттық жоба ретінде Шығыс Қазақстан облысының 6 ауданында (Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Қатон-Қарағай, Көкпекті, Үржар) басталған. Бірегей білім беру жобасы ауыл мектептеріне ғана арналған. Негізгі мақсат – елді мекендердегі зерек балаларды қолдау, олардың отандық және шетел университеттерінде білім алуына мүмкіндік беру.
Олимпиадаға кез келген 8-сынып оқушысы қатыса алады. Олимпиадада ешқандай күрделі деңгейдегі тапсырмалар жоқ. Оқу бағдарламасын меңгерген кез келген бала қатыса алады, оның қандай баға алып жүргені маңызды емес. Ол үшін Iqanat. kz сайтына кіріп, тіркелу жеткілікті. Мобильді қосымшасы да бар. Онда дайындық материалдары (видеосабақтар, тапсырмалар) бар. Олимпиадаға қатысамын деп тіркелген балалар сол сабақтар арқылы дайындалады.
Шығыс Қазақстан облысының 15 ауданының балалары белсенді түрде қатысып, өз бағын сынауда. Шығыс Қазақстаннан Iqanat олимпиадасына 2000-нан астам оқушы қатысады деп жоспарлануда. Күннің суықтығы, пандемияға қарамастан оқушылар өте белсенді қатысып жатыр. Олимпиаданың ашылу салтанатына ауданның арнайы қамқоршылары мен IQanat High School of Burabay мектебінің түлектерінің ата-аналары келіп қатысуда. Еріктілер олимпиадаға қатысушыларды үйлестіріп, арнайы қолдау көрсетіп, тренигтер жүргізді.
Аружан Амангелді
Абай ауданы, Қасқабұлақ ауылы, ерікті: Мен жыл сайын IQanat олимпиадасына қатысамын. IQanat олимпиадасы біз үшін үлкен мереке. Біз IQanat олимпиадасына өз еркімізбен келіп, көмек көрсетеміз. Биылғы 8 сыныптарға кеңес беріп, олимпиада мүмкіндіктерін түсіндіреміз. Біз үшін IQanat мүмкіндіктер алаңы, болашаққа берілген үлкен жолдама.
Арайлым Талғатқызы, Катон-қарағай ауданы, Ақсу орта мектебінің 8 сынып оқушысы:
Мен алғаш IQanat олимпиадасы жайлы ұстазымнан естідім. Ол кісі бұл олимпиадаға қатысу арқылы Қазақстандағы немесе шет елдегі үздік университеттерге грантқа түсуге мүмкіндік барын айтты. Осылайша бағдарламаға қатысып, бағымды сынап көрем деп шештім. Біздің ауданнан IQanat олимпиадасына қатысып, жетістікке жеткен оқушылар өте көп.
Айгүл Амреева, Көкпекті ауданының тұрғыны, ата-ана:
Бүгін менің балам олимпиадаға қатысады. Біз отбасымызбен ұлымыз Азаматқа қолдау көрсету үшін келдік. Менің үлкен қызым Инара Жанұзақова IQanat олимпиадасының жеңімпаздарының бірі, бүгін олимпиада да ерікті ретінде қатысуда. Ауыл балаларына IQanat олимпиадасының берері мол. Қызым Инара жуықта Бурабайдағы IQanat мектебінде IQ IP бағдарламасы бойынша болып қайтты. Баламның алған әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Майса Жайдақбаева, Ұлан ауданы, мұғалім
Біз жыл сайын өтетінIQanat олимпиадасына белсенді қатысамыз. Жыл сайын оқушы дайындап, оқушыларымыздың Бурабайдағы IQanat мектебінде оқуға мүмкіндік алуына атсалысамыз. Қазіргі уақытта менің шәкірттерімнің алды олимпиада жеңімпаздары болып, IQanat қорының білім платформасында білімін жетілдіруде. Ең қуаныштысы- ауыл мұғалімдерінің еңбегі ескеріліп, Iqanat мұғалімдермен де қарым-қатынас орната бастағаны қуантарлық жайт. Биыл IQanat қорын ұйымдастырған педагогтардың жыл сайынғы кездесуіне барып келдім.