Шығыс Қазақстанда «Семей жастары есірткіге қарсы!» атты ауқымды шара өтті

Шараға қала жастарынан өзге Шүлбі кентіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілері де қатысты, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бері қала мен кент жастары үшін бірнеше бағытта акциялар мен іс-шаралар ұйымдастырып келе жатқан «Іңкәр сезім» этностудиясы осы кешті қорытынды бағдарлама есебінде ұсынды.
- Есірткі, нашақорлыққа қарсы қолға алған акциямыз ұлттық салт-дәстүрге бағытталған іс-шарамен жалғасын тапты. Сонымен қоса, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жастар үшін арнайы семинар-тренингтер өткіздік. Бұған қаламыздың ғана жастары емес, Шүлбі кентіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілері де белсене қатысып отыр. Әр іс-шараның аясында кейінгі буын түрлі салада ақпарат алып, өздеріне қажетті пайдалы істермен шұғылдануда. Мәселен, патриоттық бағытта ұйымдастырылған жұмысымыздың нәтижесінде балалар үйінің тәрбиеленушілері ұлттық киім тігудің, түрлі ою-өрнектердің шығу тарихы, жасалу түрлері, оны пайдалану жөніндегі шеберлік сабақтарына қатысып, білімдерін толықтырды. Тіптен, өз қолдарынан шыққан бұйымдар жиынтығын коллекция түрінде өткізіп те үлгерді, - дейді өнер ошағының басшысы Гүлнар Жүнісова.