Шығысқазақстандық өрт сөндірушілер анасы мен баласын өлімнен арашалап қалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шүлбі ауылының өрт сөндірушілері пәтері өртеніп, иіс газынан уланып қала жаздаған ана мен оның баласын аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
None
None

5 қабатты үйдің тұрғындары ең жоғарғы қабаттан келіп жатқан түтіннің иісін сезіп қалып, «101» қызметіне хабарлаған. 6 минуттан соң оқиға орнына №47 өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы келеді. Олардың қатарында 2 автоцистернасымен 7 қызметкер болған.

Өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ерсін Бұлымбаевтың айтуынша, көршілер төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері келгенше есікті бұзған. Алайда, онда кіруге қорыққан.

«Бөлмеде жалын болған жоқ, тек түтін ғана. Адамдарды көшірудің де қажеті болған жоқ. Біздің бөлімше қызметкерлері түтін жайлаған бөлмеге кіріп келіп, ұйқыда жатқан екі адамды көреді. Сосын біз 57 жасар әйел мен 33 жасар ер адамды далаға, таза ауаға алып шықтық. Зардап шеккендер анасы мен баласы екен»,-деп хабарлады ол.

Бала бірден өзіне келген, ал анасына көмек көрсету қажет болды. Ең жақын жедел жәрдем қызметі оқиға болған аймақтан 45 шақырым жерде болған. Сол себепті зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жергілікті амбулаторияның дәрігері келді. Дәрігер зардап шеккендерді қараған соң, олар өздеріне бұдан әрі көмектің қажет еместігін айтты.

Бұлымбаевтың сөзінше, пәтерге кіре беріс бөлмеде тоқпен жылытатын пеш, ал, оның жанында киім ілгіш тұрған. Шамасы киімдердің бірі пешке құлап, түтін содан шыққан. Қазіргі таңда болған оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Соңғы жаңалықтар