Шығысқазақстандықтар Ауыл күні мерекесін атап өтті
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Биылғы көктемде Шығыс Қазақстан облысындағы Қайыңды ауылында Ауыл күнін атап өту дәстүрі пайды болды. Бұл мерекені ауыл жастары ойлап тауып, бірнеше аптадан кейін іс жүзінде жүзеге асырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА altaynews.kz-ке сілтеме жасап.
Ауылдың қазіргі және бұрынғы тұрғындары баға жетпес туған мекендеріне құрмет көрсетіп, жаңа мерекені атап өту үшін жиналды. Әуелі қайтыс болған ауылдастарды еске алуға арналған ас берілді.
Ауылдың табиғаты ерекше екенін атап өту керек. Күнбатыс жағында Бұқтырма су қоймасы, солтүстік және оңтүстік жақтарында тізбектелген таулар болса, шығыс жағы шабындық пен орманды ағаштарға ұласқан. Оның үстіне елді мекеннен аудан орталығына қатынайтын жол жақсы асфальттандырылған, маңында паром өткелі де бар.
Мерекелік бағдарлама аясында ауыл тұрғындары ауылдың солтүстік шетінде орналасқан ипподромдағы спорттық жарыстарды тамашалады. Мұнда ең мықты жастар қол күресі, гір тасын көтеру, иығына тірі қойды өңгеріп отырып-тұру сынды сайыстар арқылы өзара күш сынасты. Одан кейінгі бәйге жарысы да ауыл мерекесінің көрігін қыздыра түсті. Мерекелік шара аудандық мәдениет үйінен келген әртістердің концертіне ұласты.
Ауылдың байырғы және қазіргі тұрғындары бұл шараны өз күштерімен ұйымдастырған. Самат Мұқанов, Еркін Жолдыбаев, Алмат Боранғалиев және Дәулет Беков ойлап тапқан шара барлық жерлестері арасында қолдау тапты. Ауыл күні келесі жылы да аталып өтпек.