Шығыста отандық туризм саласын түлетпек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алтай аясының аялы мекенге айналуына сеп болып отыр

Бұрнағы жылдың қыркүйек айының аяғында алматылық кәсіпкер, «Екі дос» фирмасы­ның бас директоры Тельман Жамен­тиков Семейге әдейілеп атбасын бұрған. Кіндік қаны тамған жері Ақсуат болғандықтан, өзінің туған, жақын қаласы санайтын осы шаһарда кәсібінің бір ұшын тігуді баяғыдан қалап жүрген.

Қаланы көп аралады. Ертістің бо­йын ұзақ шарлады. Ұлы өзеннің бір қой­науындағы Түйемонақ аралының сән-сал­танатын қызықтады. Баяғы өткен заманда осы аралда Балуан шолақ ән салып, Қажымұқанның күрескені есіне оралды. Өзі де жас кезінде бозкілемде белдесіп, КСРО спорт шеберіне кандидат атанған балуан жігіт Қажымұқан бабасының рухы мен демін сезгендей болды, деп жазады «Егемен Қазақстан» республикалық басылымы.

Бұл сапарының сыры мынада еді: Алтай­дың тап төрінде, Катонқарағай жеріне алғаш аяқ басқанында осы бір аяулы, көркем табиғатқа көзсіз ғашық болып қалған жігіт сол 2008 жылдың жазында Алматының «политехын» бірге бітірген ақтөбелік досы Нұржанды бұған дейінгі маңдайтермен жинаған қаржыларын табиғат-ананың осы бір ғажайып пұшпағын өркендетуге жұмсауға көндіріп еді.

Аяқтарынан тұра бастауларына үш жыл­дай уақыт кетті. Әрине, көрген қиын­дық­тарын айтсаң, тауыса алмайсың. Бәрі­нен бұрын, оның үлкен жеңісі - Алтай өңіріне бекер келмегендігін дәлелдеп, туған жердің құдай берген көркем табиғатын кәдеге жаратып, елдің пайдасына асырсам деген арманына жетті.

Бұл сөзіміздің айғақ-дәлелі Катон­қарағай жерінде ай жары­ғында көрінер аппақ нұр­дай сайрап жатыр. Топқайың ауылының тұсындағы «Нұр-бұлақ» пантымен емдеу-сауықтыру кешенін келіп көріңіз! Осы заманның барлық игілігі қарас­тырылған ондаған-жиырмалаған коттедждер қалашығы! Әйтпесе, анау тау басындағы Ақсу ауылында орналасқан панты өнімдерін шығаруға бейімделген заманауи зауытты айтайық. Одан қалды, Тасшоқыдағы, Жазобадағы, Маралдыдағы шағын-шағын емдеу орындарына атбасын тіреңіз. Міне, жеңістің сырын сонда түсінесіз.

Сонымен, Тәкең өз таңдауын жасады: Ұлы Ертістің жағасынан, қала іргесінен, Семейден Астанаға қарай жүретін күре жолдың тура бойынан 2,5 гектар жерді сатып алды. Әрине, арзанға түсе қоймады.

Негізгі кәсібі - мұнайшы жігіт кәсіп­кер­лікке бет бұрғалы сәулет өнерін де бір мамандай меңгеріп алған. Сондықтан осы қаладағы өкілі Болатты қасына ертіп алып, азғана күннің ішінде Семейдің тап іргесінде жақын жылда бой көтеретін демалыс орнының макет-жобасын өзі сызды.

2014 жылдың күзінен бастап Семейдің түбіндегі «Көне қорған» елді мекенінде «Екі достың» сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобаның әу бастағы құны - 325 милллион теңге. Ертіс орманының жайлы бір жерінде орна­лас­қан шипажайдың мақсаты мынада: анау Төр Алтайда жайылымда жүрген текті маралдың мүйізінің қанын осында жет­кізіп, халыққа панты емінің пайдасын таныту. Шипажайдың инфрақұрылымында пантымен, дәрілік шөппен, балшықпен емдеу­ден өзге, қала халқының Ертіс бойын­­дағы самырсын орманы ішінде ерекше бір аурада демалуы үшін 300 орындық мей­­рам­­хана, 80 орындық қонақ үй, орман ішін атпен қыдырту, қысқы хоккей қорабы, шаң­ғы жолы, футбол, волейбол алаңдары, тағы басқа да ем алу мен демалу түрлері қарас­ты­ры­лып отыр. Бұйырса, биылғы жылы аталған емдік кешенді толығымен іске қоспақ.

Катонқарағайға бүгінгі күні келетін туристердің 70 пайызы панты емін алуға асық­қандар. Қалған отыз пайызы бұла табиғаттың қызығын тамашалауды қалағандар; Мұзтауға көз тіккісі, аспан астындағы ашық Берел қорғаны мұражайын көргісі келетіндер; Алтай-таудың аса жұпар ауасын жұтып, таза ауа­да тынығуды таңдағандар.

Тегінде, бұл өңірде марал шаруашы­лығындағы қиындықтар қоғамдық формация ауысқан атышулы 90-шы жылдары басталған. Қас қылғанда, Оңтүстік Кореядағы әріптестер де марал мүйізінен алынатын бағалы өнім - панты сатып алу мөлшерін пышақкесті тыймаса да, әлде­қайда азайтып жіберді. Өнім өткізу қиынға соққан соң, марал басы да күрт кеміді. Катонқарағай ауданындағы «Верх-Катон» марал өсіру кеңшары дүрілдеп тұрған кезінде 7 мың бас марал өсірген шаруашылықтың тізгінұстар жалғасы «Ақсу» серіктестігіндегі марал басы екі жарым-үш есеге азайып кетсе де, кеңшар­дың орталығы болған Ақсу ауылында орналасқан марал мүйізінің негізінде, аса бағалы бал, сандаған емдік шөп араластыра отырып жасалған фармакологиялық дәрі-дәрмек шығаратын цех бірлескен қазақ-корей «Ақсу-ДЭЕН» кәсіпорны болып құрылып, біраз жылдар жұмысы өрледі.

Сол шақта марал шаруа­шылығының басына қара бұлт қатты үйірілді. Төнген қауіптің сейілуі қиынға соқты. Осы қауіпті сейілткен екі ғажайыпты айтпасқа болмайды. Біріншісі: облыстың сол кездегі басшысының саланы күрт көтеруге ұстанған бұлжымас бағыты. Мысалы, 2012 жылы саланы дамытуға субсидия ретінде 23,5 миллион теңгенің бөлінуі сол бағыттың айғағы. Екіншісі: осы саланы дамытудың басына «Екі дос» деп аталатын алматылық фирманың келуі. Мұнайшы-кәсіпкерлер Тельман Жаментиков пен Нұржан Жұмағұлов негізін қалаған «Екі дос» тамыры әлсіреп, үзілуге айналған марал шаруашылығына жан бітірді.

- Досым Нұржан екеуміз ең алғаш Катон жерінің топырағын 2007 жылы бастық. Мынандай ғажап табиғатқа таңғалдық. Содан, туризм бизнесімен неге кәдімгі өркениетті елдердегідей айналыспасқа деген тоқтамға келдік. Аудандағы ірі марал шаруашылығын, «Ақсу» зауытын сатып алдық, деп еске алады бүгінде Тельман Қабыкенұлы.

Орайы келгенде марал мүйізі жайлы біраз деректер келтіре кеткен абзал. Панты - бұғының сырты нәзік, жұқа терімен «қапталған», іші қанға толы, қатпаған мүйізі. Мамыр-маусым айларында пісіп-жетіледі. Панты өскен кезде маралдың ағзасы 25 келіге дейін сүйек тінін бөледі. Бірде-бір жануар мұндай өсім бермейді.

- Маралдың Төр Алтайдағы санын болмағанда кеңес кезіндегі жеті мың басқа жеткізсек, бұл үлкен жеңістің алды болар еді,  - дейді Тельман мырза. Шығыс Қазақстанда қазір жылына бес тонна панты өндіріледі. Ақсудағы фармацевтикалық зауыт осыншама пантыны оп-оңай емдік дәріге айналдыра алады. Зауыттағы қондырғының бүкіл Қазақстанда баламасы жоқ.

Сөйтіп, «Екі дос» фирмасының Катон­қарағай жеріне қадам­дары сәтті басталып, Шығыс Қазақ­стан туризмінің түрленуіне, жаңаша түлеуіне екпін қосты. Осы салаға инвестиция салысымен, үш жыл өтпей-ақ, 2011 жылы «Ақсу-ДЭЕН» бірлескен кәсіпорны «Қазақстанның үздік тауары-2011» өңірлік конкурс-көрмесінің жеңімпазы болды. Сол жылдың желтоқсан айында бүкіл ел көлемінде жетекші өнім өндірушілер анықталған республикалық конкурста «Ха­лық­қа арналған ең үздік тауар» номинациясы бойынша тағы да үздік атанды. Ал бүгінде «Екі дос» Қазақстанның туризм саласындағы ең озық ондық брендтің ішіне кіреді.

Айта кетелік, қазіргі шақта «Екі дос­тың» тек пан­тымен емдейтін демалыс орын­­д­ары желісінде ғана 200-ден астам жер­­гі­лік­ті тұр­ғындар жұмыс жасап жатыр. Бүгін­­гі дағ­дарыс кезінде 20 адамға жұмыс тауып беріп көріңіз. Сонымен бірге, Бұқ­тыр­­маның «Көгілдір бұғаз» жағына қара­ма-қарсы беттегі құмдауыт жағалауда да жаз ай­ларында Тельман тобының демалыс аймағы жұмыс жасайды.

Тағы бір бағыт: осы бизнес-жобалармен іле Өскеменнің іргесіндегі Степной кентінде 2 гектар жерді алып, фанер шығаратын зауыт тұрғызды. Оған Алтайда жетіп-артылатын қайың мен көктеректі әжетке жаратады. Осы аумақта жеке жылы­жай да тұрғызды. Демалыс орындарын осында өсірген қызанақ, қиярмен өз­дері қамтамасыз етеді. Бұдан қалды, гүл өсіретін жылыжайлары тағы бар. Қазір­де құрылысы аяқталып келе жатқан Семей­дегі «Көне бекініс» ауданындағы жаңа шипажайдың аумағын осы жылыжайда өсірілген гүлдер көмкеріп тұр.

Тәкең бұдан әрі де тоқтамай, енді ша­ғын тігін зауытын салды. Ол зауыт шет­елдік тігін қон­дырығысымен то­лы­­ғы­мен жаб­дықталған. Тіпті, зауыт аумағында болашақ мамандар мен жұ­мысшылар үшін бүкіл жағдайы жасалған қос қабатты жатақхана да тұрғызып қойды. Қырғыздың арзан костюм-шал­барын, көйлек-көншегін бір киерге жарар деп сатып алып жүрміз ғой. Ондайды оп-оңай шығаратын шамасы бар. Бірақ мақсат одан да биік. Кәдімгі бәсекелес тігін бұйымдарын тігу. Бірақ тоқтап тұр. Неге? Жауабын аңғарып отырсыз. Дұрыс  кадр жоқ. Амалдың барлығын пайдаланып, іздеді. Табылмай жатыр. Тігіншілер мүлдем тапшы.

Біздіңше, еліміздің ішінен шық­қан, жұмыс қабілетін еңбе­гімен, жігерімен дәлелдеген мұндай өз инвесторларымызбен мемлекеттің бірлесе жұмыс істейтін бағыты осы. Елбасы айтатын, жұмысшы маман­дығын шебер меңгерген кәсіп иелерін даярлау бағыты. Біздің қазақ инвесторы зауытын салып, қондырғысын орнатып дегендей, бәріне негіз қалап қойды. Енді не тұрыс?

Стратегиялық тұрғыдан ма­ңы­зы үлкен шекаралық аудан халқының саны жылдан-жылға азайып бара жатқандығын Тельман мырза анық байқап жүр. Бұл тығырықтан шығатын жол қандай? Тығырықтан шыға­тын жолдың бірі - аудандағы демалыс база­ларының жыл бойы, үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу, жаңа санаторийлер салу, әуе бағыттарын жандандыру. Бұл тарапта кәсіпкерлер инфрақұрылымдарға инвестиция құю арқылы туған ел-жерге өз көмектерін көрсете алатындығын Тельман­ның кәсіп­керлік жолы дәлелдеп отыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram