Шығыстағы шекара шебіне сапар

АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры - генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов жұмыс сапарымен «Шығыс» өңірлік басқармасы Зайсан шекара отрядының бөлімшелерінде болды.
None
None

Сапар барысында мемлекеттік шекараны әскери-жауынгерлік жағынан күзету қызметін, күш-құралдардың қолданылуын, тыл және инженерлік қамтудың орындалуын, толық жөндеу жұмыстарының жүргізілуі мен қысқа дайындық барысын тексерді.

Шекара қызметінің басшысы негізінен «Ақжар», «Шілікті», «Қаратал» шекара комендатураларын, «Ақжон», «Ақкөл», «Қызыл», «Майқапшағай» заставалары мен «Майкапшағай» өткізу-бақылау бекетінің жұмыстарын қадағалады.

Жалпы алғанда, барлық бөлімшелердің қысқа дайындығы, жеке құрамның киіммен қамтылғандығы, жөндеу жұмыстарының тұрақты жүргізілетіндігі байқалды. Мұнда генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов тек жеке құраммен ғана емес, олардың отбасы мүшелерімен де әңгімелесті. Казармаларда, офицерлік құрамның үйлерінде жайлы жағдай жасау және мектеп жасындағы балалары бар әскери қызметшілердің қызметін мектепке жақындау аумақтарға ауыстыру туралы басшылық нақтылай тапсырма берді.

«Біз ел Президенті-Жоғары бас қолбасшының алдында жауаптымыз, сондықтан барлық шекара отрядтарында шекарашы-сарбаздардың қызметі мен тұрмысына барлық жағдайды жасауға тиіспіз», - деді Нұрлан Жоламанов.

«Шығыс» өңірлік басқармасына қарасты «Теректі» комендатурасын, «Алқабек», «Теректі», «Шапағатты», «Балықты бұлақ» заставаларын аралау кезінде генерал оң өзгерістердің бар екендігін, дегенмен қол жеткізген табыстарды місе тұтып тоқтап қалуға болмайтындығын атап өтті. Байқалған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде түзетуге тапсырма берілді.

«Еліміздің тыныштығы мемлекеттік шекараның сенімді қорғалуына тікелей қатысты, ал оның қорғалуы сондағы Отан сақшысына жасалған жағдайға байланысты, бүгінгі таңда Шекара қызметінің барлық бөлімшелеріне жаңа автомобильдер, инженерлік-жолдық техника мен қаршанасы берілуде, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық және тұрғын үй мәселелері шешілуде, қызметті ойдағыдай атқару үшін қажетті барлық жағдай жасалуда», - деп атап өтті шекара ведомствосының басшысы.

Шекара қызметінің директоры қойылған тапсырмалардың орындалуына қатысты қатаң бақылау болатындығын, ол үшін командирлердің тікелей өздерінің жауап беретіндіктерін еске салды, сондай-ақ әскери тәртіптің бұзылуын болдырмау үшін жеке құраммен жүргізілетін профилактикалық жұмысқа басты назар аудару қажеттігіне көңіл аударды. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Соңғы жаңалықтар