«Шымбұлақ, Көктөбе, Медеу»: Алматыда қай жерде демалуға болады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы Орта Азияның ең әсем қалаларының бірі ретінде мойындалған. Алып шаһардың әсем табиғаты мен көз тоймас көрікті жерлері жанға қуат сыйлайды. Мәдениет ордасы саналатын әсем қалада түрлі мұражайлар мен театрлар бар. ҚазАқпарат тілшісі саяхаттап келген туристер мен қала қонақтары қай жерлерге көбірек баратынын анықтап көрді.

Алматы қалалық әкімдігінің мәліметінше, жыл басынан бері мегаполиске 197 мыңнан астам шетелдік турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49,3 пайызға артық.


Алматының көрікті жерлері:

Көктөбе– Іле Алатауының бөктерінде орналасқан көрікті жерлердің бірі. Теңіз деңгейінен 1100 м жоғары. Көктөбеден қаланың керемет көрінісін тамашалауға болады. Мұнда келген демалушылар үшін арнайы дәмханалар, түрлі ойын-сауық кешені, концерт залы, әткеншек, кішігірім зообақ бар. Таудың таза ауасы адамға ерекше әсер сыйлайды. Көктөбеде биіктігі 372 м телевизиялық мұнара орналасқан. Қала орталығынан Көктөбеге аспалы жол арқылы баруға болады. Аспалы жолдың ұзындығы – 1620 м.


Аспалы жолмен жүру құны (екі бағытқа) – 5 000 теңге. 12 жасқа дейінгі балалар үшін – 2 500 теңге.

Арнайы шағын автобуста жол жүру ақысы – 1 500 теңге. 12 жасқа дейінгі балаларға – 700 теңге.


Медеу – жасанды мұз айдыны бар дүниежүзіндегі ең ірі спорт кешені. Алматы қаласынан 18 шақырым жерде, Кіші Алматы шатқалында, теңіз деңгейінен 1691,2 м биіктікте орналасқан. Бұл жер бүгінде демалушылар үшін жылдың төрт мезгілінде де таптырмас ғажайып орын. Аумағы 10,5 мың км мұздатылған алаң қала қонақтары мен тұрғындарының сырғанауына арналған. Бір мезетте 2-3 мың адамды қабылдайды. Мұнда коньки, мәнерлеп сырғанау, хоккейден жарыстар өтіп тұрады. Сондай-ақ 842 сатысы бар баспалдақпен жоғарыға мініп-түсудің өзі керемет сезім сыйлайды.

Мұнда қаладан №12 автобуспен немесе таксимен жетуге болады.


Шымбұлақ тау-шаңғы курорты – Алматы қаласының орталығынан 25 шақырым жерде, Іле Алатауы шатқалында 2260 метр биіктікте орналасқан. Демалыс орны қысы-жазы жұмыс істейді. Тек жолға шықпастан бұрын, мұндағы ауа температурасы қаладан 10 градусқа төмен болатынын ескерген абзал. Шымбұлаққа жаяу, аспалы жолмен немесе арнайы таксимен жетуге болады.

Шымбұлаққа көтеріліп-түсу құны ересектер үшін – 5 000 теңге, балаларға 1 000-1 500 теңге.


Орталық демалыс саябағы – таза ауада тынығып, жақындарыңмен демалып, көңіл көтеруге арналған орын. Мұнда түрлі аттракцион, спорт және балалар алаңдары жұмыс істеп тұр. Суға түсуге арналған аквапарк те жаз айларында демалушыларды күтеді. Мұнда қайықпен, катамаранмен серуендеп, жағалауда тамақтануға болады.


Горький саябағынан шықпай-ақ, әртүрлі жануарларды көріп шығуға болады. Алматы зообағы 1937 жылы құрылған. Аумағы – 22 гектар. Бақтағы жануарлар 6 секцияға орналастырылған: жыртқыш сүтқоректілер, тұяқтылар, приматтар, құстар, экзотариум мен аквариум.

Хайуанаттар бағы сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Касса 18:00-ге дейін ашық болады. Балалар билеті 300, ересектер үшін 800 теңге тұрады. Мекенжайы: Орманова көшесі 66.

Саябаққа жету оңай. Оған бірқатар қоғамдық көлік барады.

28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақ қаланың қақ ортасында орналасқан. Саябақ даңқ мемориалы және мәңгі алауымен танымал. Қала тұрғындары мен қонақтары атақты 316-шы атқыштар дивизиясының командирі Иван Панфиловтың ескерткішін, Ауған соғысында қайтыс болған жауынгерлерге арналған және өзге де монументтерді көре алады. Бірақ парк тек соғыс батырларының ескерткіштерімен ғана танымал емес. 28 панфиловшылар паркінің аумағында XX ғасырға тиесілі Вознесенский кафедралық шіркеуі, Халықтық музыкалық аспаптар музейі және Офицерлер үйі тәрізді бірнеше тарихи ғимарат орналасқан. Саябақта фотоға түсуге, кептерлерді қоректендіруге болады.

Арбат – басты жаяу көше. Ол ерекше мәдениетімен, суретшілерімен және көше бойындағы суреттерімен танымал. Жастардың ең көп жиналатын жері де осы. Арбат — эстетикалық тәрбие алып, шулы қаланың ортасында еркін демалып қайтуға болатын орын. Мекенжайы: Абылай хан даңғылы мен Қонаев көшелерінің аралығы, Жібек жолы даңғылы.


Үлкен Алматы көлі – Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 15 шақырым қашықтықта орналасқан Іле Алатауының жотасындағы көл. Теңіз деңгейінен 2510 метр биіктікте орналасқан көлдің сұлулығында сөз жоқ. Көлдің жаз мезгіліндегі көрінісі өте керемет. Әсіресе, таң сәріде су бетіне аспан мен оны қоршаған орта бейнесі шағылысқан кезде әдемі. Адамның көңіліне ерекше әсер береді.

Қазір ол жаққа апаратын жол жөндеуге жабылған. Сондықтан жаяу баруға тура келеді.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саябағы әл-Фараби-Науаи-Саин-Дулати көшелерінің айналмалы қиылысында орналасқан. Алматыдағы ең үлкен субұрқақ осы саябақта. Жамылғы алып, кітап оқып, бадминтон мен фрисби ойнап, жай ғана сергіп қайтатын сүйікті жерлердің бірі. Тамаша табиғат романтикалық фотосессия үшін де таптырмас орын.


Баум тоғайы – мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің бірі. Тоғай Алматыдағы Түрксіб ауданының Сейфуллин және Сүйінбай даңғылының қиылысында теңіз деңгейінен 750 метр биіктікте орналасқан. Аумағы – 139, 5086 га.


Баум тоғайы – Алматының көне аймағы. Қала үшін оның маңызы үлкен. Мұндағы қолдан жасалған орман экологиялық, мәдени және эстетикалық жағынан да құнды.


Ботаникалық бақ. Бұл – алматылықтар ерекше құрметпен қарайтын орын. Бақтың жалпы аумағы – 104 гектар. Бұл жерден Ресей, Кавказ, Шығыс Азия мен Солтүстік Америка жерлерінде өсетін өсімдіктер, ағаштар мен бұталарды кездестіруге болады. Баққа келушілерге барлық жағдай жасалған. Мұнда пикник жасауға болмайды, ол үшін арнайы орындықтар қойылған.


Бақтың үш кіреберісі бар. Солтүстік кіреберіс – Тимирязев көшесі, 36, Батыс кіреберіс – Тимирязев, 42 және үшінші есік – оңтүстік кіреберіс. Оған әл-Фараби даңғылы жағынан кіруге болады.


Кіру ақысы: ересектерге – 850 теңге, студенттерге – 685 теңге, мектеп оқушылары, зейнеткерлер мен АӘК алушылар 503 теңге төлейді. Кішкентай балаларға, мүгедектер мен ардагерлерге – тегін.


Алматыда жасқа да, кәріге де барлық жағдай жасалған.

Қалада музейлер, кинотеатрлар және сауда орталықтары өте көп. Алуан түрлі дәмхана, мейрамхана, клуб, бильярд ойнайтын орындар жақсы демалыс сыйлайды.

Қалада кешке және түнде түрлі түсті жарқ-жұрқ еткен шамдар жанып, таңғаларлық сұлу кейіпке енеді.


Алматы әкімдігі берген ақпарат бойынша, шетелдік туристер мегаполисте төрт күннен артық аялдамайды. Бір шетелдік қонақтың орташа шығыны – 2 200 доллар. Ал отандық турист үшін орташа чек – 500 доллар (бес күн).


«Бұл экономикалық өсімді көрсетеді. Туристер жұмсаған қаражат қала экономикасына, салық, түрлі төлемдер мен жалақы арқылы көрінеді», – деді әкімдіктен.

Әкімдіктің мәліметінше, қалада туристік маршруттарға қатысты 10 арнайы ақпараттық пункт бар. Мұнда кеңесшілер жұмыс істейді. Туристерге ақысыз негізде туристік карталар, тау маршруттарының атластары, туроператорлардың брошюралары, мәдени іс-шаралар туралы хабарландырулар және ақпараттық сипаттағы басқа да материалдар ұсынылады.

«Қазір туристерге «Шымбұлақ» тау курорты, «Медеу» спорт кешені, Фурманов шыңы мен Көкжайлау шатқалы сияқты таулы аймақтарға бару ұсынылады», – деп атап өтті ведомстводан.



Соңғы жаңалықтар