«Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінде бүкіләлемдік қар күні атап өтілді
Мысалы, журналистер арасында шаңғы тебуге қатысты арнайы жаттығулар ұйымдастырылса, тәжірибелі инструкторлар шаңғыға енді тұрғандар үшін шеберлік сыныптарын жүргізді.
«Сонымен қатар, балаларға арнап, әр түрлі көңілді ойындар, жарыстар ұйымдастырылды. Балалардың арасында қаладағы «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері де болды. Бұл күні мерекеге қатысушылар атақты тау шыңдарын бағындырушы альпинист Мақсұт Жұмаевтың «Арқанды саябағына» барып, жіппен жоғары өрмелеп үйренді. Мұнда биіктіктер үш деңгейге бөлінген - ең төменгі деңгей балаларға, орташа деңгей әуесқойларға, ал ең жоғары деңгей спортшыларға арналған. Мерекеге қатысушылар арқанмен жоғары өрмелеп үйренді», - делінген хабарламада.
Мерекенің тағы бір құрамдас бөлігі ол - қауіпсіздік. Бұл күні мерекеге жиналған ондаған балалар шаңғы тебу мен сноубордта сырғанаудың ережелерімен танысты. Бұл ереже ата-аналар мен балаларға қар үстінде жүргенде жарақат алып қалмауға мүмкіндік береді.
«Халықаралық қар күнінің ұраны зерделеу, рахат алу және сезіну деп аталады. Бұл мерекенің идеясы спорт қоғамдастықтары мен тау-шаңғылық шипажайлар арасында үлкен қолдауға ие болды. Егер бірінші жылы мерекені атап өтуге 20-ға жуық ел қатысса, өткен жылы бұл мереке 40 астам елде атап өтілді. Ал биыл одан көп болғаны сөзсіз. Осы мерекенің арқасында саламатты, белсенді, экологиялық жағынан таза демалысты қолдаушылар саны арта түсуде», - деді өз сөзінде «Шымбұлақ» таушаңғылық кешенінің директоры Ержан Еркінбаев. Айта кетелік, World Snow Day мерекесі 2012 жылы Халықаралық шаңғы спорты (FIS) федерациясының бастамасымен қолға алынған болатын. Содан бері әр жылдың қаңтар айының үшінші жексенбісі күні атап өтілетін болды. Бұл мереке - «Bring Children to the Snow» (Балаларға қар көрсет) атты халықаралық науқанның бір тармағы. Бұл шара балаларға көңілді де саламатты демалыс түрі ретінде қысқы спортты ұсынады. Халықаралық қар күні ата-аналар мен балаларға қарда жүргізілетін әр түрлі ойындардың рахатына бөленуге, оларды саламатты өмір салтын ұстануға шақырып, қысқы спорт түрлерімен айналысуға деген қызығушылықтарын арттыра түседі.