«Шымбұлаққа» үш күнде 6 мың турист келді

АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Алатаудың сұлу табиғатына сүйсініп, тау баурайының саф таза ауасында серуендеп, деннің саулығына мән беріп,
None
None

салауатты өмір салтын қалыптастыра алатынын Алматы жұрты тағы бір дәлелдеді, деп жазады «Алматы ақшамы» газеті бүгінгі санында.

«Сөзімізге дәлел ретінде айтсақ, соңғы өткен демалыс күндері, нақтырақ айтқанда, 8-10 наурыз аралығында «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты 6 мыңдай адамды қабылдады. Көктем мезгіліндегі келушілердің мұншама көптігі рекордтық көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр. Себебі, жаңа жыл қарсаңында ғана болмаса, осыған дейінгі сәйкес кезеңдерде мұндай жағдай кездеспеген», - деп жазады басылым.

Небәрі үш күннің ішінде осынша туристі қабылдаған «Шымбұлақтың» бұл жаңалығы қала жұртшылығының спортқа, саяхаттауға, жалпы салауатты өмір салтына деген ынтасының зор екендігін аңғартса керек.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру барысында дәл осы туристік нысандарды да жетілдіре түсу бойынша қарымды қадамдар жасалуда. Бүгінде қызу талқыға түсіп жатқан «Көк жайлау» курорты солардың бірі де бірегейі. Өз кезегінде "Шымбұлақ" тау-шаңғы курортының бас директоры Ержан Еркінбаев өзге де тау-шаңғы курорттарының инфрақұрылымын жетілдіру бастамасын, сондай-ақ ірі көлемдегі «Көк жайлау» жобасын да қолдайтындығын айтты.

Сонымен бірге маусымның жабылар сәтіне қарай «Шымбұлаққа» келушілердің жалпы саны - 400 мың адамды құрайды деп күтіліп отыр. Одан бөлек, жуық арада курорт аумағында аттракциондары бар балалар қалашығы мен қосымша тамақтандыру орны және жаңа қонақүй құрылысы басталады деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар