12:10, 15 Қаңтар 2019 | GMT +5
«Шымкент-Алматы» пойызында нәресте дүниеге келді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 14 қаңтар күні Шымкент тұрғыны «Шымкент-Алматы-2» бағытындағы пойызда босанды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Белгілі болғандай, Алматыға қарай жолға шыққан Айгүл Жүзбаева есімді келіншектің айы-күні жетіп тұрған. Сапар кезінде кенеттен толғақ қысқан. Абырой болғанда вагон жолсерігі мен пойыз бригадасының өзге де қызметкерлері барлық қажетті көмекті жасаған.
Сол күні кешке қарай Тараз стансасында жас ананы жедел медициналық жәрдем күтіп алып, жергілікті перзентханаға жеткізді. Таратылған мәліметке қарағанда, өмірге келген нәрестінің денсаулық жағдайы жақсы
Өз кезегінде жас ана Айгүл Жүзбаева көмек көрсеткен пойыз жолсеріктеріне алғыс айтты.
Айта кетейік, пойыз бригадаларының қызметкерлері алғашқы медициналық көмек керсету бойынша тұрақты түрде оқытылып келеді. Өткен жылы пойыздарда 10 нәресте дүниеге келген.