Шымкент қаласында электр трансформаторларын шығаратын зауыт салынатын болады

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Орта бизнестегі көшбасшы компанияларды қолдау үшін «Ұлттық чемпиондар» секілді бағдарламаны іске қосу бойынша ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасының арқасында көптеген компаниялар мемлекет тарапынан елеулі қолдау алды. Мәселен, біз осы бағдарлама шеңберінде Шымкент қаласында кернеу сыныбы 220 және 500 кВ болатын қуат трансформаторларын шығару бойынша Қазақстанда алғашқы зауыт салуды жоспарлап отырмыз», - деді «Alageum Electric» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Е.Ілиясов.
Айта өтейік, Оңтүстік Қазақстан облысында ең алғашқы трансформатор зауыты Кентау қаласында 1959 жылы салынған болатын. «Кентау трансформатор зауыты» маркалы өнімдер шетел нарығына шыққалы жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Экспорттың 30% дейінгі көлемі Ресей Федерациясына, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түркіменстанға, Қырғызстанға, Әзербайжан мен Ауғанстанға шығарылады.