«Шымкент-сити» жобасы аясында 300-ден астам көпқабатты тұрғын үй салынады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шым шаһарда «Шымкент-сити» жобасы аясында 300-ден астам көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Көлемі 427 гектарды құрайтын қалашық 70 мыңға жуық тұрғынға есептелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Заманауи үлгіде салынып жатқан қалашықта 316 көпқабатты үй соғылады. 9, 12, 16 қабаттан тұратын баспаналар құрылысының орталығында көлемі 49 га болатын саябақ алаңы орналаспақ. Қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың айтуынша, «Шымкент-ситиде» жанға жайлы қажеттіліктің бәрі қарастырылмақ. Әлеуметтік нысандар - мектептер мен балабақшалар, емханалар және шаһарлықтардың тынығатын орындары бой көтереді деп күтілуде. 

«3500 көрерменге арналған кино-концерт залын салуды ұйғарып отырмыз. Мұнан бөлек, әзірге, «Шымкент-арена» деп атап отырған спорт кешенінің құрылысы басталады. Мұнда, ең бастысы, шаһар тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау. Жобамыздың ішінде ауданы 24 га болатын бизнес-орталықтың құрылысын салу да көзделген», - дейді Нұралхан Көшеров.

Қала әкімі орынбасарының мәліметінше, қазіргі таңда қалашықта  көше құрылысы мен 10 үйдің (әрқайсысы 54 пәтерден тұрады) инженерлік-коммуникациялық жұмыстары жүргізілуде.

«Үйлер беріктігі жағынан жоғары санатты құрамалы темірбетонды конструкциялардан бой көтеретін болады. Бұл - коммуналды үйлер. Осы жылы бес көпқабатты үйдің құрылысын аяқтаймыз деп жоспарлағанымызбен, баспаналардың пайдалануға беру уақыты коммуникациялық қажеттіліктердің барлығы орналастырылып болғаннан соң ғана, 2018 жылға келісілген», - деді әкім орынбасары.

Ал, мұндағы коммуникациялық жұмыстар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында іске асырылуда. Бұл жұмыстар келер жылы аяқталып, пайдалануға берілмек. Десе де, жолдардың басым бөлігі осы жылы төселеді деп жоспарлануда. Аяқжолдар мен велосипедтерге арналған көшелерді салу кезегі келесі жылдың еншісіне қалып отыр. Өйткені, аяқжолдар түсетін нысандарға биыл коммуникациялық қажеттіліктер жүргізілетін болады.

Айта кетейік, «Шымкент-сити» қалашығы шаһардың солтүстік аймағында,  Бәйдібек би ескерткішіне таяу маңда орналасқан. Аудан заманауи инфрақұрылымымен, тұрмыста, бизнесті бастауда қолайлы жағдайымен және ең жоғары қала құрылысы мен сәулеті жөнінен ерекшеленеді. Аталған жоба Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы аясында іске асырылуда. Келешекте мұнда 7 мектеп пен 21 балабақша салынбақ.

Соңғы жаңалықтар