Шымкентте 300 оқушы жаңа мектептің табалдырығын аттады (ФОТО)

Бірінші қыркүйекте Көкбұлақ № 188 орта мектебі ашылды. Ол 300 орынға шақталған. Өткен жылға дейін мектеп Ордабасы ауданына тиесілі болған. Ал ғимарат апаттық жағдайда болды. Сондықтан оның орнына жаңасын салды. Оқу корпусы барлық талаптар бойынша жабдықталды. Мұнда жаңа компьютерлік технологиялар орнатылды, 3 интерактивті электронды тақта бар, мультимедиялық-лингафондық кабинет, химия, физика, биология сабақтарына арналған арнайы кабинеттер бар.
«Мұндай мектептің болатынын армандаған да жоқпыз. Бұл мектептегі дайындық сыныбына немерем барады. Біз онымен бүгін мұнда алғаш рет келіп, барлығын қарап шықтық. Мұнда біздің балаларымызға қажеттінің барлығы бар. Олар заман талабы бойынша білім алады. Заманауи компьютерлер, химия, физика, биология сабақтарын оқытуға жасалған жағдайлар қуантады. Бұрын біздің елді мекеніміздің балалары ескі ғимаратта оқыған, сонымен қатар үш ауысым болған. Мемлекетіміз балаларымыздың осындай жаңа, заманауи мектепке баруы үшін қолдау көрсеткеніне разымыз», - деді Көкбұлақ тұрғыны Зоя Райымбекова. Мектепте кең спорт залы, 50 адамға шақталған асхана, медициналық кабинет, мектептегі мерекелік шараларды өткізуге арналған үлкен акт залы бар. Айта кету керек, мұның барлығы 4 мың шаршы метр аумаққа орналастырылды. Мектептің салтанатты ашылу шарасына қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов қатысып, оқушылар мен мұғалімдерді құттықтады.
«Қымбатты оқушылар, құрметті мұғалімдер! Жаңа оқу жылының жаңа оқу мекемесінде басталуымен сіздерді құттықтаймын. Мектеп балалардың екінші үйіне айналып, олардың көшеде уақытын зая кетіруіне кедергі келтіреді деп үміттенемін. Жақсы мектеп, қызықты сабақтар мен кәсіби педагогтар бұл - жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алудың жақсы әдісі. Сіздерге сәттілік пен береке тілеймін», - деді Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов. Айта кету керек, қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Шымкентте 126 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Шамамен 147 мың оқушы үшін жаңа оқу жылы басталды, оның 21 мыңы бірінші сынып оқушылары.