Шымкентте әзірге «жекеменшік» түрме салынбайтын болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары 2017 жылы Шымкент қаласында Қазақстандағы тұңғыш «жекеменшік» түрме салынады деп жазған болатын. ҚазАқпарат тілшісінің ресми сауалына жауап берген Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі түзету мекемесінің құрылысы кейінге шегерілді деп хабарлады.
«Алдағы уақытта Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында түзету мекемелерін салу көзделмейді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2017 жылғы 5 қаңтарда «Оңтүстік Қазақстан облысында (Шымкент қ.) 1 500 орынға арналған түзету мемекесін салу және пайдалануға беру» концессиялық жобасының ұсынысына экономикалық теріс сипаттағы қорытынды берді», - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Алайда, баспасөз қызметінің атап өткеніндей, қазір елімізде жаңа түзету мекемелерін салу аса қажет.
«Қазіргі уақытта елімізде жаңа түзету мекемелерінің құрылысын салу мәселесі әлі де өзекті. Бұл ретте жобаны болашақта мемлекет қаражатының есебінен іске асыру мәселесі қарастырылып жатыр», - деп хабарлады ІІМ.