Шымкентте балалар травматологиялық пункті ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасы жанынан травматологиялық пункт ашты.
None
None

Пункт тәулік бойы жұмыс жүргізіп, балалардың шұғыл медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етпек. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласы миллион тұрғыны бар еліміздің үшінші мегаполис санатына кірігуі керек. Осыған орай, биыл Шымкент қаласының бас жоспары бекітілген болатын. Биылғы жылы қала құрамына Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарынан 36 елді мекен қосылып отыр. Сонымен қатар халыққа тиімді медициналық көмек ұсыну мақсатында облыс орталығында жаңа балалар ауруханасының құрылысы жүргізілуде. Замануи үлгіде салынған медициналық нысанда қажетті құралдармен жабдықталған травматологиялық пункт, шұғыл ота жасауға арналған операциялық блок ашылады», - делінген баспасөз баянында.

Қазіргі кезде Шымкент қаласында балаларға арналған травматологиялық және ортопедиялық көмекті облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері көрсетуде.

«Бүгінгі таңда қала аумағында 188,8 мың бала бар. Медициналық мекемелердің көмегіне жүгінген балалардың 40-45 пайызы травматологиялық және ортопедиялық аурумен науқастанған. Балаларға шұғыл травматологиялық көмекті қазірге дейін Амбулаториялық хирургия орталығы мен облыстық балалар ауруханасының травматологиялық пункттері көрсетіп келді. Осы пункттерде орташа есеппен аптасына 350 балаға, айына 1300-1400 балаға травматологиялық көмек көрсетілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қалыптасқан жағдайды ескеріп, №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасы жанынан травматологиялық пункт ашып отыр. Бұл пункт тәулік бойы жұмыс жүргізіп, балалардың шұғыл медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етпек», - делінген баспасөз баянында.

Соңғы жаңалықтар