Шымкентте балаларды тонаған ресейлік жасөспірім ұсталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Ресейлік жасөспірім шымкенттік балаларды тонап келген. 17 жастағы шетелдік азамат қазір уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Оған тонауға бойынша 7 дерекке қатысты деген айып тағылуда. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі хабарлады.

Белгілі болғандай, Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне бірнеше тұрғын арызданған. Олар белгісіз біреу аулаларда ойнап жүрген балаларының ұялы телефондары мен велосипедтерін тонап кеткенін көрсетіпті. Осыдан кейін тәртіп сақшылары көпқабатты үйлердің маңын қарап, кімнің тонап жүргенін анықтамақ болған. Бірнеше ай бойы тексеру шараларын жүргізген полицейлер ақыры тонаушыны қолға түсірді.
Ол кәмелет жасына толмаған ресейлік болып шықты. Қазір 2000 жылғы күдікті құқық қорғау органы өкілдеріне жауап беруде. Оның сөзінше ол жәбірленушілер ретінде өзінен кіші балаларды тауып алып отырған. «Ұялы телефонмен сөйлесіп алайын» не болмаса «велосипедің мініп көрсем бола ма деген сияқты сылтаулармен сұрап алып, иемденіп кетіп жүрген.
Ұрланған заттарды саудалап, қажетіне жаратып келгенін мойындады. Қазір сезікті уақытша тергеу абақтысына қамауға алынып, оның үстінен Қылмыстық кодекстің 191 «Тонау» бабымен іс қозғалды. Жәбірленушілердің заттары тәркіленіп, тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер сондай-ақ шетелдік жасөспірімнің осы сынды өзге де қылмыстарға қатысы бар болуы мүмкін екенін айтады.

