Шымкентте бизнесмендерді қорқытқан күзет агенттігінің директоры қолға түсті

«Ол өзінің қол астындағы қызметкерінен осындай ойын жүзеге асыру үшін таныс адамдар табу керектігін сұраған. Екі адам дүкен қожайындарына қоқан-лоққы көрсетіп, дүкендерін өртемек болып қорқытқан. Бұл әрекеттерімен олар дүкен иесін күзет агенттігінің көмегіне жүгінуге мәжбүрлеп, белгілі бір күзет агенттігі қызметкерлерінің кәсіби және жедел қимылдайтынын меңзеген», - делінген хабарламада.
Алайда, жоспар сәтті жүзеге аспады. Орындаушылардың бірі дүкен қожайынымен дауласып, азық-түліктерді алып, ақшасын төлемей кеткен. Бизнесмен күзет агенттігіне хабарласады. Оқиға орнына агенттік директоры келеді. Директор дүкен иесін полицияны шақырмауға көндірмек болады. Бірақ кәсіпкер тәртіп сақшыларына арызданған. Полиция дүкенде орналасқан бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктілер мен арам жоспарын жүзеге асырмақ болған бизнесменді анықтап, қолға түсірді. Полицейлер бұл іс бойынша 4 күдіктіні ұстады. Барлығы уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. ҚР ҚК-нің 28-ші және 252-ші баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.