Шымкентте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді

Аталмыш жәрмеңкеге өңірдегі мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындар мен білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау және өзге де мекемелер қатысып, білікті де білімді, өз ісінің үздік мамандарын табуға асығады.
Сала басшысының сөзіне сүйенсек, бос орындар жәрмеңкесіне жұмыс іздеп жүрген кез келген азамат қатысуға құқылы. Тек өзімен бірге түйіндемесін әкелуі қажет. Бүгінгі қоғамда дәрігерлер, медицина саласын меңгерген мамандар тапшы. Тігінші, аспазшы секілді қызмет көрсету саласындағы мамандықтар да үлкен сұранысқа ие. Сонымен бірге жұмыс берушілер тікелей сұхбаттасу арқылы білімді кадрларды таңдап, қызметке қабылдауға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, бұған дейін 26 маусым күні Шымкент қаласында өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 1148 бос жұмыс орны ұсынылған болатын. Атап айтсақ, білім, құрылыс, өнеркәсіп, қызмет, мәдениет, денсаулық саласы, инфрақұрлымдық жоба бойынша бос жұмыс орындары ұсынылды.