09:30, 06 Қараша 2013 | GMT +5
Шымкентте «Дін және әйел» тақырыбында форум өтеді
АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Ертең, 7 қараша күні Шымкент қаласында Дін істері агенттігі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе «Дін және әйел» тақырыбында форум өткізеді.

Форумның мақсаты - «Дін және әйел» тақырыбын қоғамдық ортада жан-жақты талқылау үшін пікірталас алаңын ұйымдастыру, жастардың ислам дінінің негіздері туралы дұрыс мағлұмат алуына және зайырлы қоғамның дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруға ықпал ету.
Алқалы жиынға Дін істері агенттігінің, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ОҚО әкімдігінің, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ЖОО студенттері, оқытушы-ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысады деп хабарлады Дін істері агенттігінің баспасөз орталығынан.