Шымкентте футбол жанкүйерлері жанжалдасып қалды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте «Ақтөбе» мен «Ордабасы» футбол командаларының жанкүйерлері арасында жанжал туындаған. Оларды полиция қызметкерлері тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат POLISIA.KZ телеграм каналына сілтеме жасап.
«29 қазан күні сағат 17:30-да 102 арнасына Шымкент қаласының тұрғынынан хабарлама түсті. Ол Тәуке хан даңғылы мен А. Байтұрсынов көшесінің қиылысында жас азаматтардың жиналғаны туралы айтты.
Белгілі болғанындай, Ақтөбе қаласының 50 шақты тұрғыны («Ақтөбе» футбол командасының жанкүйерлері) А. Байтұрсынов көшесінің бойында Шымкент қаласының 10 тұрғынын («Ордабасы» футбол командасының жанкүйерлері) жолықтырып, араларында жанжал туындаған. Оларды полиция қызметкерлері тоқтатты.
Аталған тұлғалардың барлығы Шымкент қаласы ПД әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Жауап алу барысында азаматтар төбелес жайтын жоққа шығарып, бір-біріне қатысты шағымдары да жоқ екенін айтты.
Барлық жеткізілген тұлғалармен профилактикалық әңгіме жүргізілді», - деді полициядан.
Айта кетсек, кеше футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 25-туры аясында Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен «Ақтөбе» кездесті. Ойын нәтижесінде командалар тең түсті .
Фото: t.me/POLICE_of_KZ