Шымкентте қала тұрғындарын ұрылардан сақтандыратын ерекше билбордтар пайда болды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қала тұрғындарын ұрылардан сақтандыратын ерекше билбордтар пайда болды. Шаһардың орталық көшелері мен шағын аудандарында ілініп тұрған тақтайшалар жұртты елең еткізеді. «Сақ болыңыз, ұры ұйқыда жатпайды» немесе «Ұры, ойлан! Өмір бумеранг», «5 жыл қамауда отырдым, енді қаламаймын», «Ұрлыққа жоқ дейміз» деген мәтіндер жазылған билбордтар қала прокурорларының тапсырысымен жасалыпты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Белгілі болғандай, Қаратау аудандық прокуратурасы «Шымкент - қауіпсіз қала» жобасының аясында осындай шараны қолға алып, қала тұрғындарын ұрылардан сақтануға үгіттеген. Бұл туралы прокуратура қызметкерлері Фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында ақпарат берген.
«Құрметті қала тұрғындары! Облыс прокуратурасының бастамасымен басқа да жергілікті атқарушы жəне ішкі істер органдарымен бірлесіп іске асырылып жатқан «Шымкент - қауіпсіз қала» жобасының аясында Қаратау ауданы прокуратурасымен Шымкент қаласының аумағында уақтылы бойға ой жинап, ұрлық сияқты заңсыздыққа, қала тұрғындарының сақтығын сақтауға және түрлі заң бұзушылық түрлеріне жол бермеуіне бағдар болуға арналған іс-əрекеттерге көңіл бөлетін билбордтар ілінді», делінген парақшада.
Қаратау аудандық прокуратура қызметкерлері осындай билбордтар ілу ұрлық қылмысымен күресудің бір жолы болатынына сенімді. Өйткені өткен жылдың қорытындысы бойынша дәл осы Қаратау ауданында қылмыс саны ең көп тіркеліп, оның ішінде үйді тонау деректері көбейген болатын.





