Шымкентте қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бұдан былай Шымкентте қаңғыбас жануарларға оқ атылмайды. Енді олар мамандандырылған жануарларды уақытша ұстау пунктіне орналастырылатын болады, деп хабарлайды otyrar.kz.
Аталмыш арнайы орын Сайрам ауданындағы Абдулабад ауылында ашылды. Онда бір уақытта 400 жануар ұстауға жағдай жасалған. Егер иттің иесі үш тәулік ішінде іздеп келмесе, жануарлар өлтіріледі. Ол үшін бұрынғыдай Беккер шұңқырлары емес, арнайы пештер қолданылады. Жалпы қаңғыбас иттер мен мысықтарды жоюға бюджеттен 49 миллион теңге бөлінді. Қазір мұнда 300 ит бар. Оларды ұстауға мемлекет 15 миллион теңге бөлді, бір итке тәулігіне 1721 теңге жұмсалады.Жыл басынан бері 23 мың ит ауланды. Мамандардың айтуынша жануарларды уақытша ұстау орны Шымкентте бекітілген жануарларды ұстау ережелеріне сәйкес ашылған. Мұндай ережелер Астана және Алматы қалаларында әлдеқашан қолданысқа енген. Енді Шымкент олардың тәжірибесін қабылдап жатыр.