Шымкентте карантин кезінде караоке және лаунж бар жұмыс істеген

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте карантин шектеуін елемеген караоке және лаунж бар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкентте карантин кезінде караоке және лаунж бар жұмыс істеген

Еңбекші және Әл-Фараби ауданы аумағында полицейлер рейд өткізді.

19 шілдеде түнде рейд барысына Еңбекші ауданы Полиция басқармасы мен жұмысшы топ өкілдері аудандағы Тауке хан даңғылындағы 73-үйдегі «GQ» караоке барының жұмыс істеп тұрғанын анықтады. Бар Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 9 шілдедегі №26 қаулысының талаптарын өрескел бұзған. Заңды шара қолдану мақсатында құжаттар Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.

Сондай-ақ, Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы Адырбеков көшесіндегі 39-үйде орналасқан «Мята» Lounge барының ішінде сағат 00:38 шамасында 7-8 адамның отырғанын анықтады. Келушілерден түсініктеме алынып, 2 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. «Мята» Lounge барының иесі мен келуші азаматтарға қатысты құжаттар жинақталып, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік шара қолдану үшін Әл-Фараби аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.