09:21, 18 Шілде 2017 | GMT +5
Шымкентте қашқын ефрейтор сотталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент гарнизоны әскери соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 442 бабында қарастырылған құқық бұзушылық әрекет (әскери қызметтен қашу) жасағаны үшін әскери бөлімшелердің біріндегі К есімді сарбазға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Әскери сотының баспасөз қызметі.

Әскери бөлім командирінің бұйрығымен К-ға кезекті еңбек демалысы берілген. Алайда, ол демалыс билетінде көрсетілген уақыт бойынша қызметіне оралмастан, күзет агенттігіне жұмысқа кірген. Бөлімшенің қоңырау шалулары мен СМС-хабарламаларына жауап та қайтармаған. Жедел іздестіру шаралары барысында әскери полиция қызметкерлері К-ны ЖШС күзет агенттігінен ұстады. Сот отырысында К өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді. Сот үкім шығару кезінде К-ны құқықбұзушылыққа кінәлі деп танып, қызметкердің жастығын, бұрын сотты болмағандығын, оң мінездемесін ескере отырып, 2 жылға шартты бас бостандығынан айырды. ҚР ҚК 49 бабы негізінде К. «ефрейтор» әскери атағынан айырылды.
Шығарылған үкім заңдық күшіне енді.