Шымкентте көп балалы аналар қалалық автобустарда тегін жүретін болды

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерінің тегін жүруі туралы қоғамдық көлік иелері мен Шымкент әкімдігі өзара келісті.
«Қала әкімдігі мен көлік компаниялары қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылды. Бастаманы қалалық мәслихат депутаттары мен «Южавтотранс» қауымдастығы көтерген», - деді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдоллаев. Әкімдік қызметкерлері бұл меморандумды бұзып, көп балалы аналардан жолақы алатын жүргізушілер мен кондукторларды анықтау бойынша жұмыстар жүргізбек. Айта кету керек, Шымкентте 2014 жылы ғана 282 нәзік жанды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанған. Биыл аталған наградаларды алу үшін 200 өтініш жазылған. Алайда, енді қаладағы студенттер жеңілдікпен жүру құқығынан айырылады.