23:25, 10 Наурыз 2022 | GMT +5
Шымкентте көшеден тастанды нәресте табылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент көшелерінің бірінен тастанды бала табылды. Бұл туралы қаланың бас дәрігері Бақытжан Позилов әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Позиловтың хабарлауынша, сәбиді жедел жәрдем қызметкерлері құтқарып қалған.
«Тұрар Рысқұлов көшесінде орналасқан жедел жәрдем колл орталығы жанынан тастанды нәресте табылды. Сәбиді сол маңдағы адамдар көріп қалып, колл орталыққа алып келген», - делінген қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының парақшасында.
Оның мәліметінше, өте ауыр жағдайдағы нәрестеге жедел жәрдем диспетчерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалды.
Шақалақ ауруханаға жеткізілді.
Ұл бала, салмағы 3 келі. Туғанына шамамен екі тәулік болған.