16:43, 22 Наурыз 2013 | GMT +5
Шымкентте Наурызды ұлттық спорт ойындарымен атап өтті
ШЫМКЕНТ. 22 наурыз. ҚазАқпарат - Шымкентте Наурыз мерекесін қалалық ипподромда атап өтті.

Оған қала тұрғындары мен Оңтүстік Қазақстанның облыс орталығының қонақтары - барлығы мыңнан астам адам жиналды.
Ипподромның алдында алтыбақан орнатылды, киіз үйлердің маңында наурыз көже мен палау дайындалып, мерекеге келген барша қонақ олардан дәм тата алды.
Ипподромның өзінде қазақтың ұлттық ойындары: көкпар, бәйге және қыз қуудан жарыстар өтті.
Мерекеге шымкенттіктер жанұяларымен бірге келді, қалалықтар үшін сахнада концерттік бағдарлама көрсетілді.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы Оңтүстік Қазақстанда Наурыз мерекесі 9 күн тойланады. Күндердің әрқайсысының атауы болды: «Көктем шуағы», «Тағзым күні», «Алас күні», «Береке күні», «Өніс күні», «Жайнау күні», «Шаттық күні», «Үйлесім күні», соңғы күн - «Ұлыс күні» деп аталды.