Шымкентте нөсер жауыннан кейін базар ішін су басты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қатты жауын-шашынның кесірінен базар ішін су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте нөсер жауыннан кейін базар ішін су басты

Шымкентте кеше түннен бері нөсер жаңбыр жауып, тұрғындарды әбігерге салды.

Ал бүгін төтенше жағдай қызметі қала көшелерін жиналып қалған жаңбыр суынан тазартып жатыр.

Бұл жұмысқа 12 техника, 11 мотопомпа және 37 жеке құрам қызметкері жұмылдырылған.

Ал, әлеуметтік желіде қатты нөсерден базарлардағы жағдайдың қиындағанын көруге болады.

Шатырдан өткен жаңбырдан сатушылардың тауарлары су болып, жарамсыз күйге түскен. Нөсер су базар ішінде өзен секілді үлкен жылдамдықпен аққан.

«Қазгидромет» мамандары бүгін өңірде күн райы жылы болғанмен, ертеңнен бастап жел тұратынын хабарлады.

Ал, 30-31 тамыз күндері жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді. Кей жерлерде найзағай ойнап, бұршақ жаууы ықтимал.

Айта кетейік, кеше Шымкентте бұрын-соңды болмаған бұршақ жауды.