Шымкентте Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін ұзарту жөніндегі референдумның өтуін қолдауға арналып 20 мың адам қатысқан іс-шара болып өтті

Іс-шараны «Нұр Отан» ХДП Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы мен Мемлекет басшысының өкілеттілігі мерзімін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартуға қатысты референдумды өткізу жөніндегі ОҚО-дағы бастамашыл топ ұйымдастырып отыр. Бастамашыл топты Әбілқасым Досболов басқаруда.
Ә.Досболов: «Референдум өткізу жөніндегі бастама айтылғаннан бері облыс бойынша әртүрлі деңгейдегі 1 мың 382 жиын, іс-шара, отырыстар мен әртүрлі саяси, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің кездесуі болып өтті. Қорытындысында 810 мың адам референдумды қолдап, өз қолдарын қойды», - деді.
Оңтүстікқазақстандықтардың атынан жиынға қатысқандар ҚР Президентіне ашық хат жолдады. «Референдумды өткізу халық таңдауы, оның тілегі болып табылады. Сіз әрқашан да халықпен бірге болдыңыз. Сондықтан Сіз халық таңдауын ескерерсіз деп ойлаймыз. Оңтүстік Қазақстан облысы халқының атынан ҚР Парламентінің екі палатасы қабылдаған шешімді қолдап, референдумды өткізуге келісім беруіңізді сұраймыз», - делінген ашық хатта.