Шымкентте Өгем шатқалындағы арнайы операция мүшелері - қаза тапқан шекарашыларға арналып салтанатты түрде ескерткіш ашылды

Ескерткіш Абай саябағында бой көтерген. Ол шекара қызметі басшыларының жариялаған байқауында бас жүлдеге ие болған шымкенттік сәулетші Насыр Рүстемовтың жобасы бойынша дайындалған.
«Ескерткіштің ашылуына жұмсалған қаражат - бұл біздің қызметкерлер мен қаза тапқан шекарашылар достарының өз еріктерімен жинаған ақшалары. Біз қаражат салуға болатын арнайы есепшот ашқанбыз», - дейді ҚР ҰҚК шекара қызметі директорының орынбасары Амангелді Абылханов. Ол сондай-ақ ескерткіштің құны 11 млн. теңге екенін де атап өтті. «Осы есепшот қаражатынан біз қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмек береміз. ОҚО басшылығының көмегімен жақында ол отбасыларға пәтер берілді», - деп толықтырды А.Абылханов.
Ескерткіштің ашылу салтанатына ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов та қатысты. Ол қаза тапқан батырлардың ата-аналарына батыр ұлдарды тәрбиелегендері үшін алғысын айтып, сабыр тіледі.