Шымкентте ойын киносының элементтері қолданылған алғашқы мультипликациялық фильм түсірілді
«Күміс семсер» ертегісінің басты кейіпкері - жас Санжар жалғыз өзі айдаһар мен мыстанға қарсы тұрады. Лентада барлық ойын рөлдерін 14 жасқа толмаған балалар ойнайды. Олар - "Мейрам" киностудиясының оқушылары. «Бізді кейіпкерлердің образдарын қалай беру керек, олардың көңіл-күйін, мінез-құлқын, эмоцияларын сахнадан дұрыс жеткізуге үйретеді. Мәселен, қорқыныш, реніш, қуаныш сезімдерін білдіру, қалай күлу керек екенін көрсетеді», - деді "Мейрам" киностудиясының оқушысы Әділхан Шабирханов.
"Біз кәсіби актерлерді шақырмаймыз, біз оларды тәрбиелейміз", - деді балалар киностудиясының негізін қалаушы Мейрамбек Ағаділов. Ол балалар қатысқан бұл фильмдер үлкендер үшін де қызықты болатынын айтты.
Бүгінде актерлар мектебінде 40-қа жуық адам тәлім алады. Оларға актерлік шеберлікті үйретеді. Бір айдан кейін актерлар мектебінің оқушыларына алғашқы рольдерін сомдау ұсынылады.
"Біз балалардың мүмкіндігіне, машығына назар аударамыз. Қай образдарға жақсы енетінін аңғарамыз. Мұны кейін рөлдерді беру кезінде ескереміз", - деді қоюшы-режиссер Бақытжан Көшеров.