Шымкентте полицейді пышақтап кетті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкентте полицейді пышақтап кетті. Келеңсіз жағдай тәртіп сақшыларының  көшелерді бақылау кезінде болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте полицейді пышақтап кетті

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, полицейлер автотұрақтардың бірінің  маңында күдікті адамдарды байқап қалған. Олардың тұлғаларын анықтамақ болғанда,  біреуі қашуға әрекеттенеді.

Учаскелік полиция инспекторы сол мезетте оның артынан қуып, ұстау кезінде сезікті полиция қызметкеріне қарсылық танытқан. Тіпті бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Соған қарамастан жараланған тәртіп сақшысы  күрес әдісін қолданып,  қылмыскерді ұстаған. Жаралы полиция қызметкері қалалық ауруханалардың біріне жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілді.

«Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынып, оларға қатысты Қылмыстық кодекстің  «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық» бабымен сотқа дейінгі тергеп, тексеру амалдары жүргізілуде», делінген хабарламада.