Шымкентте сәби сатқан зейнеткер 5 жылға сотталды

Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта жаза басқан 60-қа таяған қарттың әрекеті қаралды. 60 жастағы зейнеткер әйел Махнра Юлдашева ҚР Қылмыстық Кодексінің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылды. Ол қылмыстық топ мүшесі ретінде айыпталып отыр.
Тергеушілердің мәліметінше, әжейдің рөлі нәрестеге зар болып, сатып алғысы келетін жандарды табуда болған. Өзге күдіктілер жаңа туған сәбиді перзенханадан алып, жалған құжаттарды АХАЖ бөліміне тіркеткен. Осылайша адам саудасы белгілі жоспармен жүзеге асып келген. Қазір бұл қылмыстық топтың өзге мүшелері әлі тергеліп жатыр.
«Қазіргі таңда осы іске қатысты 4 жайт қаралуда. Әрқайсысында сәбиді әр түрлі бағалаған. Эльмира есімді күдікті өз перзентінен бас тартатын қыз-келіншектерді тауып отырған. Ал мына қария бала сатуға көмектесті әрі мемлекеттік ресми құжаттарды жалған жолмен жасады деп айыпталып отыр», - дейді ОҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Гүлнұр Саттарова.
Сотталушының жасаған әрекеті аса ауыр қылмыс санатына жатады. Дегенмен, судья оған тағылған айып бойынша ең жеңіл жаза түрін қолданды. Өйткені күдіктінің жасы, денсаулығы ескерілген. Әйтпегенде тағылған айыптың жазасы 10 жыл болар еді, деп жазады Отырар.кз.
Тергеу кезінде сотталушының 4 бала сату дерегіне қатысы бары анықталған. Енді сот шешімі негізінде әжей бұдан кейінгі 5 жылын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өткізеді. Бірақ соттың шығарған шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.