20:51, 31 Наурыз 2016 | GMT +5
Шымкентте сот банк тарапынан бұзылған азаматшаның құқығын қалпына келтірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының тұрғыны Г.Жанболатова Абай аудандық сотына «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамынан алған несиесін уақтылы төлей алмағандықтан, оның жалақы алатын есеп-шотын банк жауып тастағанын және үш ай бойы жалақысын түгелдей несие қарызына ұстап қалып отырғанын көрсетіп, талап арызбен жүгінген. Банктің осы әрекетінен арызданушының күн көрісі қиындап кеткен. Істі сотта қарау барысында Г.Жанболатованың арызда көрсеткен уәждері толық расталған.

Еңбек кодексінің 115-бабына сәйкес, жалақыдан ай сайынғы ұстап қалудың мөлшері жұмыскерге тиесілі жалақының елу пайызынан аспауға тиіс.
Сот Г.Жанболатованың жалақы алатын есеп-шотын жабу туралы банктің төлем талап тапсырмасының күшін жойып, банкке оның жалақысынан елу пайызын ұстап отыруды міндеттеді.
Шешім заңды күшіне енді.