Шымкентте Төле бидің 350 және Абылай ханның 300 жылдықтарына арналған республикалық айтыс басталды

Шараның мақсаты - қазақтың тарихи тұлғалары Төле бидің 350 және Абылайханның 300 жылдықтарына арналады және айтыс өнері арқылы көнеден келе жатқан дәстүрлі «Наурыз» мерекесін дәріптеу, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, ұлттар мен ұлыстардың мызғымас татулығы мен достығын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын кеңінен насихаттау болып табылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Республикалық «Наурыз» айтысы алғаш рет 2004 жылы ұйымдастырылып, биыл 10-шы рет өткелі отыр. Өткен ақындар айтысында алты алашқа әйгілі от ауызды, орақ тілді елімізге танымал Бекарыс Шойбеков, Ринат Зайытов, Балғынбек Имашов, Ақмарал Леубаева, Маржан Есжанова, Карима Оралова, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Мұхтар Ниязов т.б. айтыскерлер халықтың қошеметіне бөленген болатын.
Ал, биылғы дүбірлі додаға астаналық Айнұр Тұрсынбаева, Еркебұлан Қайназаров, Әсем Ережеқызы, қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұров, батысқазақстандық Жансая Мусина, жамбылдық Асхат Қылышбек, павлодарлық Аспанбек Шұғатаев, ақтөбелік Аян Сейітов, оңтүстікқазақстандық Бекарыс Шойбеков, Маржан Есжанова, Жарқынбек Наушабеков, Ақмарал Леубаева, Анар Жаппарқұлова, Карима Ораловалармен қатар жас ақындар арасынан іріктелген Қалижан Білдашов, Біржан Байтуов, Нұрлан Есенқұлов, Асхат Садықбеков,Тұрар Тілеулиев, Гүлзия Қалымбетова, Қажымұқан Абзаловтар қатысады. Ақындарға бірқатар қомақты жүлделер тағайындалып отыр. Атап айтқанда:
Бас жүлде (екеу):
Төле би атындағы жүлде - автокөлік
Абылай хан атындағы жүлде - автокөлік
• І орын (біреу);
• ІІ орын (екеу);
• ІІІ орын (үшеу);
Сонымен қатар, арнайы жүлделер де бар.