Шымкентте Төлешов пен тағы 8 адамға қатысты сот отырысы кейінге қалды

Дегенмен бүгінгі сот отырысына Тоқтар Төлешов ертелеу келді. Сотқа осы іс бойынша айыпталып жатқан сегіз адам да қатысты. Олардың үшеуі әйел. Сотқа қатысқан Төлешовтің қорғаушысы Мархаба Жақыпованың айтуынша, сыра зауытының бұрынғы қожайыны айыптау баптарының басым көпшілігімен келіспейді.
«Қорғаушыма салықтан жалтару, экономикалық қылмыстар жасаған деп айыпталуда. Алайда ол кейбір эпизодтар бойынша іс жүзінде қатыспаған. Себебі, зауыттың директоры бола тұра салық инспекторына пара тасымайды. Ол кез келген адамға түсінікті ғой. Сондықтан оның қарамағындағы қызметкерлер негізгі куәгерлер болып табылады. Қазір олар өздерінің басшыларына қарсы шығып, айыптап отыр. Олардың кез келгені немесе есепшісі декларацияны уақтылы толтырмай немесе сомасын төмендетіп көрсеткені жөнінде Төлешов хабарсыз болған. Мен солай ойлаймын. Өйткені ол қаржылық есеп жүргізбейді, есеп тапсырмайды ғой. Ал пара беру бабына келсек, ол басшы бола тұра пара бермейді ғой. Сотқа дейін Төлешовті ешкіммен беттестірмеді. Жүзбе-жүз кездесіп, ешкім сөйлеспеді. Тек жауап алынды»,- деді қорғаушы Мархаба Жақыпова.
Келесі сот отырысы 13 шілде сағат 10-ға белгіленіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін елде лаңкестік төңкеріс жасамақ болды деп 21 жылға сотталған Тоқтар Төлешовке енді экономикалық қылмыстар бойынша айып тағылуда. Ол қылмыстарды жасауға қолғабыс еткен тағы сегіз адам да сотқа шақыртылды . Олардың арасында Шымкент қаласына қарасты Еңбекші аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының төрт қызметкері де бар.