Шымкентте Төлешовке қатысты алғашқы сот отырысы өтті

Еңбекші аудандық сотының судьясы Мырзалы Жорабаев төрағалық еткен отырыста Төлешов пен қатар барлық айыпталушылар қатысты. Судья айыпталушылардың тұлғаларын анықтап болған соң, прокурор Жасұлан Әділбайұлы айыптау актісін оқыды. Оған сәйкес, Тоқтар Төлешов «Шымкент сыра» ЖШС-ын басқарып отырған кезінде кассадан 4 млрд 328 млн теңге алып, 3 жыл бойы оны қайта орнына қоймаған. Салдарынан серіктестікте қаржылық қиындықтар туындап, салықтар дер кезінде төленбей қалған. Сөйтіп 2011 жылы сол қаржының орнын жабу үшін Төлешов бас есепшісі Светлана Лукинамен және бірқатар қызметкерлерімен қылмыстық топ құрады. Өзара сөз байласып, әрқайсысы өз рольдерін бөліп алған. Зауыттың шығарған өнімін және түскен табысын жасырып, салықтан жалтарған. 2011 жылдың 1-ші қаңтары мен 2015 жылдың 31-ші желтоқсаны аралығында мемлекет пайдасына түспеген қаржылардың сомасы 1 млрд 271 млн теңгені құраған. Ол осылайша ұйымдасқан қылмыстық топ декларация мен бухгалтерлік есепті жалған көрсетіп, қаржылар дер кезінде аударылмаған. Мәселен, 1 млн 065 мың литр сыра өндіріліп, ол 153 млн 830 мың теңгеге сатылған. Алайда бұл сомадан 66 млн 130 мың теңге салық түспей қалған. Бұдан бөлек, Еңбекші аудандық Салық басқармасына 2011-2012 жылдар аралығында корпоративті және табыс салығы туралы мәліметтер 114 млн 650 мың деп кемітіліп көрсетілген. Ал, Төлешовке тиесілі шыны зауытынан 2011-2015 жылдар аралығында салыққа 114 млн 799 мың теңге төленбей қалған.
Аса ірі көлемде қаржылық қылмыстарға оның бас есепшісі Светлана Лукинадан бөлек, аталған серіктестік директорының орынбасары Алексей Носков, «Шыны зауыты Дархан» ЖШС-ның бас директоры Ольга Аллакулиева, жеке кәсіпкер Курваншик Умаров қолғабыс еткен.
Төлешов сондай-ақ өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру мақсатында Еңбекші аудандық Салық басқармасының басшыларына және қатардағы қызметкерлеріне тұрақты түрде пара беріп отырған. Прокурордың айтуынша Төлешов сыбайластарымен бірге Еңбекші ауданы бойынша Салық басқармасының бас маманы Нұржан Қарақожаевтың аузын жабу үшін алдымен 10 мың АҚШ долларын, кейіннен 5 мың АҚШ доллары мен 300 мың теңгені ұстатқан. Онысы аз болды ма, артынша 33 мың АҚШ доллары мен 5 млн теңгені табыстаған. Сол сияқты Салық басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Бексейітова мен бас маманы Мадияр Мұсаевқа 2 мың АҚШ долларын берген. Одан кейін тағы 1 000 АҚШ долларын қосып жеткізіпті. Осы қылмыстары үшін айыпталушыларға бірнеше айып тағылды.
Мәселен, Тоқтар Төлешовке Қылмыстық кодекстің 245-бабы, 2, 3 бөлігі (Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған дәл сол іс-әрекет), 28-баптың 2,3 бөлігі, 2-тармағы (Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi), 222-баптың 2,3 бөлігі (Салық төлеушінің салық берешегі шотына билік ету шектелген мүлікке қатысты заңсыз іс-әрекеттері), 241-баптың «а», «б» тармағы (Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу), 312-бап 4-бөлігінің «а», «б» тармағы (Пара беру), 367-баптың 3 бөлігі 1,3 тармақтары бойынша айып тағылмақ.
Ал, оның сыбайластары Светлана Лукинаға «Шымкентпиво» ЖШС-ның бас есепшісі қызметін атқарып жүріп, Қылмыстық кодекстің 245-бабының 3-бөлігі (Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған дәл сол іс-әрекет), 312-бабы 4-бөлігінің «а», «б» тармақтары, 367-бап 3-бөлігі 1,2,3-тармақтары бойынша;
Ольга Аллакулиеваға - «Шыны зауыты Дархан» ЖШС-ның бас директоры қызметін атқарып жүріп, Қылмыстық кодекстің 245-баптың 3 бөлігі (Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған дәл сол іс-әрекет) бойынша;
Жеке кәсіпкер Курваншик Умаровқа 28 баптың 5 бөлігі, 2 тармағы (Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi), 245 баптың 2 бөлігі (Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiтөлеуден жалтару, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған дәл сол іс-әрекет), 241 бап (Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу) бойынша;
Алексей Носковқа - «Шымкентпиво» ЖШС-ы директорының орынбасары қызметін атқарып жүріп, Қылмыстық кодекстің 28-баптың 5-бөлігі, 2-тармағы (Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi), 245-баптың 2-бөлігі (Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiтөлеуден жалтару, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған дәл сол іс-әрекет) бойынша айыпталуда.
Айыпкерлер қатарында тағы мемлекеттік қызметкерлер де бар. Олар: Гүлжан Бексейітоваға - Еңбекші ауданы бойынша Салық басқармасының бөлім басшысы қызметін атқарып жүріп, Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 3-бөлігі 2-тармағы (Пара алу), 366-бабы, 3-бөлігінің 2,4-тармақтары (Пара алу), 361-баптың 2-бөлігі (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша; Мадияр Мұсаевқа - Еңбекші ауданы бойынша Салық басқармасының бас маманы қызметін атқарып жүріп, Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 3-бөлігі 2-тармағы (Пара алу) бойынша;
Нұржан Қарақожаевқа - Еңбекші ауданы бойынша Салық басқармасының бас маманы қызметін атқарып жүріп, Қылмыстық кодекстің 331-бабының 4 бөлігі, «в» тармағы (Пара алу), 366-баптың 6-бөлігі 4-тармағы (Пара алу), 366 баптың 3-бөлігі 3,4-тармағы (Пара алу), 366-баптың 3-бөлігі 4-тармағы (Пара алу) бойынша;
Сәбит Алдабергеновке - Еңбекші ауданы бойынша Салық басқармасы бөлім басшысының орынбасары қызметін атқарып жүріп, Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 3-бөлігі 2 тармағы (Пара алу) бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған деп айыпталуда.