Шымкентте трансплантациялық ота жасау ісі тоқтамайды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте трансплантациялық ота жасау ісі тоқтамайды. Бұл туралы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Әлеуметтік желіде Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбайдың трансплантациялық ота жасамайтындығы жөнінде мәлімдемесі тарады.

«Кезегін күтіп жүрген трансплантация жасатамын деген қарапайым қазақтың адамдарынан обал болды. Кешеден бастап мен қалалық ауруханада жұмыс жасамаймын. Кезекте тұрған науқастарға айттым. Шетелге кетіп қалған дәрігерлерді енді түсіндім. Біздің медицинамыздың неге дамымайтынын да түсіндім» - деп жазды ол желідегі парақшасында.

Аталған жағдайға байланысты ресми пікір білдірген Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы биылғы жылдың 10 шілдесінен бастап А.Донбаймен еңбек шарты тоқталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, қаладағы медициналық ұйымдарда ағза алмастыру отасын жасайтын дәрігерлер жеткілікті екендігін айтып, трансплантациялық ота тоқтамайтындығын жеткізді.

«Еңбек шартының тоқтатылуының себебі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Б.Абдуллаевтың атына басқарманың салалық бөлімдері тарапынан аурухананың бас дәрігері А.Донбайға қатысты бірқатар кемшіліктерге жол берілгендігі көрсетіліп, 5 қызметтік хат түскен.

А. Донбай өзі басқарған аурухананың есеп шотынан 3 481,2 мың теңге заңсыз өзіне айлық жалақы ретінде аударған. Бұл жағдай Департамент тарапынан жүргізілген тексеру барысында анықталған. Бұған қоса А. Донбай аурухана орынбасарлары мен бас бухгалтеріне негізгіз үлкен сомада қаржылай сыйақы беріп отырған. Сондай-ақ «А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-ның Гепатопанкреатобилиарлық хирургия және бауыр трансплантанциясы бөлімшесінің меңгерушісі М.Досхановтың қорытындысына байланысты А. Донбай басқарған ауруханада орындалған бауыр трансплантацияларының нәтижелерін талдау барысында медициналық көмектердің сапасыздығы бойынша бірқатар кемшіліктер орын алып, 2022 жылы №1 қалалық клиникалық ауруханасында трансплантациясы жасалған 4 науқас қайтыс болды. Басқарма тарапынан бұрынғы бас дәрігерге қысым көрсетілмеген. Мұны Абылай Донбайдың өзі мойындап, Мемлекет басшысына жолдаған үндеуінің негізсіз екенін алға тартып, өз тарапынан түсінбеушілік кеткені турасында әлеуметтік желіге бейнежазба жариялаған. парақшасында жариялаған» - делінген ресми жауапта.

Сонымен қатар, басқарманың ресми жауабында ауруханада уәкілетті органдар тарапынан тиісті тексерулер жүргізіліп, бірқатар қаржылық заңбұзушылықтар орын алғандығы анықталғандығын жазылған. Сондай-ақ, кадрлық мәселеде де біраз кемшіліктер болғандығын айтқан.

«Кадр мәселесіне тоқтала өтсек, аурухананың бас дәрігері А.Донбай білікті тәжірибесі мол түрлі сала дәрігерлерінің Қазақстан Республикасының басқа аумақтарымен қоса көршілес Түркістан облысының медициналық ұйымдарына мәжбүрлі түрде кетуіне жол берген. Нәтижесінде ауруханада медициналық көмек көрсету сапасы күрт төмендеген. 2023 жылдың басынан, 44 медицина қызметкерін жұмыстан босатқан. А. Донбай басқарып отырған ауруханаға қатысты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті 2023 жылдың 5 айында ауруханада көрсетілетін медициналық көмек сапасы бойынша 5 тексеру жүргізген. Тексеру қортындыларына сәйкес 2 негізделген арыз және 3 ішінара негізделген арыз анықталды» - деп көрсетілген.

Сонымен қатар, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы А. Донбай бас дәрігер қызметінен босатылғанымен, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан трансплантациялық ота жасауға ешқандай шектеу жоқ екенін мәлімдейді.

«Қаладағы медициналық ұйымдарда ағза алмастыру отасын жасайтын дәрігерлер жеткілікті. Қажеттілікке байланысты науқастарға трансплантациялық ота жасалады»- делінген басқарма тарапынан таратылған ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар