Шымкентте тұрмыстық қалдықты өңдейтін тағы бір зауыт салынады

Шымкентте тұрмыстық қалдықты өңдейтін тағы бір зауыт салынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат otyrar.kz. сайтына сілтеме жасап.
None
None

Оны малайзиялық инвесторлар қаржыландырады. Әзірге шетелдіктер бұл құрылысқа қанша қаржы жұмсайтындарын нақты жарияламаған.

Дегенмен, жергілікті билікпен екіжақты келісім бар. Кәсіпорын қоқысты өртеп, соның қызуымен бірге электр энергиясын да өндіреді. Сондықтан жаңа зауыт қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған «3-энергоорталықтың» жанынан салынбақ. Жоспарға сай, өндіріс орнында тәулігіне мың тонна қоқыс жағылады. Құрылысқа қажетті жер белгіленіп, онда инфрақұрылым тарту жағы қаралып жатыр. Ал, өткен жылы ғана ресми іске қосылған қоқыс өңдейтін зауыт қазір тоқтап тұр. Қала басшылығы ол кәсіпорын жуырда қайта іске қосылады дейді. Өйткені күн сайын қаладан шығарылатын қоқыс көлемі 500 тоннаға дейін жетеді.

Амандық болса, алдағы бір-екі жылда шетелдіктер қаржыландыратын жаңа зауытты салып біту жоспарланып отыр. Сол кезде қаланың оңтүстік бөлігінен салынған екінші күл-қоқыс жинайтын полигон жабылады дейді әкімдік өкілдері.

Ақпарат үшін айта кеткен жөн, әлемдік тәжірибеде қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеу белгілі бір жүйеге келгелі қашан. Мысалы, Швецияда қоқыс қалдықтары электр қуаты ретінде пайдаланылса, әлемнің ең таза елінің бірі саналатын Сингапурда қоқыстардың 90 пайызы қайта өңделеді. Дамыған елдердің бірқатарында қоқыс қалдықтарын қайта іске жарату экономика дамуының қозғаушы күшіне айналып, қаншама адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Мысалы, Германияда күл-қоқыстың 30 пайызы, Жапонияда 30 пайызы, АҚШ-та 27 пайызы, ал Швейцарияда 25 пайызы қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Әсіресе Үндістанның 14 миллион тұрғыны бар Мумбай қаласында шығарылған қоқысты пайдаға асыруға жергілікті тұрғындар аянбай атсалысып, тұрақты кәсіп еткен.

Соңғы жаңалықтар