Шымкентте «Ұлттық музейге сый тарту» республикалық акциясы өтті (ФОТО)

Іс-шараның ашылуында сөз алған Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Смайылханқызы қазақ тарихын жас ұрпаққа таныту мәселесіне тоқталып, Ұлттық музейге алғыс білдірді.
- Әлі де болса жастарымыз біліп-көрмеген құнды дүниелеріміз жетіп артылады. Ал, оның маңыздылығы өте жоғары. Жәдігерлерді республикамыздың әр өңірінен жинақтап, сақтау ісі үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан да «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының біздің өңірімізге де келіп жеткеніне қуаныштымыз. Әлбетте, бұл оңай жұмыс емес. Біз әрқашан мұндай игілікті істерге қолұшын беруге дайынбыз. Төл тарихымыз бен мәдениетімізді көпшілікке насихаттап келе жатқан Ұлттық музей ұжымына ерекше алғысымды білдіремін, - деді К.Смайылханқызы.
ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай аталмыш акцияның маңыздылығына тоқтала келе, барлық қатысушыларға алғыс айтты.
- Бұл акциясының басты мақсаты - тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудара отырып, елеусіз жатқан құнды жәдігерлерге қайта жан беріп, өңдеп, келешек ұрпаққа табыстау. Қазақ: «Тарихыңды білмесең келешегіңді болжай алмайсың», - деп бекер айтпаған. Әркез ұлттың рухы, болмыс-бітімі, ата танымы көп нәрседен биік тұрады. Оның құны алтынмен де, басқамен де өлшенбейді. Оңтүстік Қазақстан - қазақтың қаймағы бұзылмаған, ұлтымыздың уызы ұйыған өңір. Қашан келсек те берекесі де, мерекесі де тасып жатады. Осы ретте Ұлттық музейге өздерінің құнды жәдігерлерін табыстап, акцияға атсалысып жатқан барлық ағайынға үлкен алғысымды білдіремін, - деді Д.Мыңбай.
Іс-шараға Файзулла Үрмізов, Генерал Асқаров, Сабыр Рақымов, Әсілхан Оспанұлы, Керімбек Сыздықов, Мұхтархан Ділдәбеков, Бекзат Саттарханов сынды ұлтымыздың біртуар перзенттерінің ұрпақтары мен туған-туыстары қатысып, олардың қолданған құнды жәдігерлері мен естелік бұйымдарын тарту етті.
Сонымен қатар, қобызшы, қорқыттанушы Мұсабек Жарқынбековтың жалпы саны 90-ға жуық құнды мұрасын ғалымның жары Еркінай Исабаева Ұлттық музейге табыстады. Тарих пен мәдениетке жанашыр қауымның арасында музей ардагерлері Абдолла Жұмашев, Мирахмад Мирхалдоров және «Алаш» сыйлығының иегері, белгілі жазушы Мархабат Байғұт та бар.
Облыстың Нұрлан Шилібев, Юрий Иванович, Бейсбековтер отбасы, Күләш Айдарбекова, Айнабек Оспанов, Батухан Байменов, Абдуахат Мұратбаев, Сұлтан Иляев, Әбдумүтәліп Ахметов, Равиль Абдулов, Қарлығаш Лесқызы, Шәһарбану Әленқызы, Батухан Әбдікәрімұлы, Асан Сүйірқұлұлы, Араншы Шаржанов секілді талантты суретші-мүсіншілері де өздерінің таңдамалы туындыларын Ұлттық музейге сыйлады.
Айта кетейік, «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы 2015 жылғы 18 наурызда Астана қаласынан бастау алып, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында жалғасын тапты. Ал, Шымкентте өткен акция аясында ОҚО бойынша 300-ге жуық жәдігер жинақталды.