Шымкентте жанып жатқан пәтердегі балалар өрт сөндірушілерді өздері шақырды

Оқыс оқиға Ғани Иляев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде орын алған. Үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өздері шыға алмайтынын білген 8 және 10 жастағы жеткіншектер өрт сөндіру қызметіне хабарласып, көмек сұрапты. Оқиға орнына жеке құрамның 18 қызметкері мен 4 техникасы, сонымен қатар медициналық орталығының қызметкерлері жетті. Сөндірушілер келгенде үйдің терезелерінен қою қара түтін шығып тұрған. Тұрығн үйдің кіреберісі толығымен түтінге оранған. Ал, ата-анасыз пәтерде қалған екі балаға қауіп төніпті. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жедел түрде газ-түтіннен қорғау буынын құрып, сатымен пәтерген көтерілген. Шымкент қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы азаматтық қорғау аға лейтенанты С.Әбдіханов, бөлімше командирі азаматтық қорғау аға сержанты Қ.Дүйсенов және өрт сөндіруші азаматтық қорғау сержанты Е.Нұрғалиев төртінші қабатқа шығып, пәтердің есігін бұзып кіреді. Құтқарушылар дер кезінде түтінге оранған үйден балаларды шығарып, жедел-жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Артынша тілсіз жау ауыздықталып, жалпы көлемі 70 ш.м. құрайтын бөлмедегі жалын толығымен сөндірілді. Қазір өңірдің ТЖД қызметкерлері өрттің шығу себептері мен шығын көлемін анықтауда.